Адамның басты байлығы – денсаулығы. Кейде басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дереу дәрігердің көмегіне зәру болып, жан дауасын іздейміз. Сондықтан денсаулықтың сақшысына айналған ақ желеңді абзал жандардың адам өмірінде алар орны ерекше. Әрине, әрбірінің қалтқысыз қызметі әртүрлі. Қай-қайсын алып қарасақ та жауапты жұмысы бар. Соның ішінде ең қиын бағыты, өмір үшін арпалысып жататын, тіршілік иесінің жүрек қағысына жауапты хирург-дәрігерлердің орны бір бөлек.
Маусым айының үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін ескере келе, жоғарыда біз атап өткен жауапты міндетті арқалап жүрген дәрігерлердің бірі Жәнібек Өзбеков жайлы сөз қозғасақ деп едік.
Білікті маман иесі бүгінгі таңда Қарасай клиникалық көпбейінді аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімшесінде еңбек етеді. Бұл жерде табан аудармай жұмыс істеп келе жатқанына биыл 16 жыл болды.
Жәнібек Қабылбекұлы – Алматы облысына қарасты Райымбек ауданының тумасы. Осы өңірдің Қақпақ ауылында 1984 жылы дүниеге келген. Әкесі Қабылбек Өзбеков пен анасы Салтанат Хасенова бес перзентке ата-ана болса, Жәнібек мырза осы үйдің тұңғышы. Ол – отбасында медицина саласын таңдаған жалғыз баланың бірі. Оның осы бағытта еңбек етуіне екі жағдай әсер еткен. Алдымен ардақты әкесі ақыл-кеңесін берген. Екінші бір себебі – бала кезінде жиі сырқаттануы. Өйткені Жәнібек Қабылбекұлы оқушы кезінен бастап аурухана табалдырығын аттап, денсаулығына байланысты дәрігерлердің көмегіне көп жүгінген. Ақ желеңді жандардың жұмысына қызыққан соң, өскенде солар сияқты болам деп армандаған. Оның осы бала қиялы бүгінгі таңда білікті дәрігер-хирург атануына жол ашты.
Жәнібек Қабылбекұлының медицина саласына келуі, әрине университет қабырғасымен байланысты. Ол 2001 жылы Алматы қаласындағы №158 мектепті бітіріп, сол жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түскен. Аталмыш білім ордасында «жалпы емдеу ісі» мамандығы бойынша бакалавр және интернатура бағытында 7 жыл білім алды. Хирург ретінде 2008 жылы алғаш еңбек жолы Алматы облыстық ауруханасында басталған. Ал 2009 жылы Қарасай аудандық орталық ауруханасына қызметке орналасып, бүгінгі күнде дейін жемісті еңбек етіп келеді.
Дәрігер-хирургтердің жұмысы әрдайым қауырт, тым шұғыл, жылдам әрекет етуді талап етеді. Осы қасиеттерді еркін меңгерген Жәнібек мырзаның күнделікті қызметі – адам өміріне араша түсу. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл жауапты жұмысты атқару оңай емес. Кейде қуаныш сыйласа, басқа уақытта өзекті өртейтін өкінішті сәттерге де әкеледі. Мұны Жәнібек Қабылбекұлы да растайды. Себебі оның қызметтік жолында да түрлі жағдайлар орын алған.
«Хирург болу оңай жұмыс дей алмаймын. Жүйке жүйең берік болу керек. Адам өміріне жауапты болғандықтан, неше түрлі жағдайлар болып жатады. Бір өкініштісі, ота жасау кезінде көз алдыңда адамның өліп кеткеніне қынжыласың. Әрине, қолдан келгенін бәрін жасайсың. Алайда ауыр жарақат салдарынан өмір мен өлім арасында жатқан адамды аман алып қалу қиынның қиыны. Әсіресе, балалардың өз қолыңда қайтыс болып кетуі қатты әсер етеді. Міне, осындай сәттерде «әттеген-ай!» деп қаламыз. Ал кейбір кезде науқастардың алғысына бөленіп, ризашылығын алып, марқайып қалатынымыз бар. Осындайда елге қуаныш сыйлап жатқаныңа қуанасың», – деп дәрігер-хирург ота кезіндегі әсерімен бөлісті.
Айтпақшы, Жәнібек Қабылбекұлы 2020 жылы тамыр хирургиясы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтіп, хирургия бағытындағы қызметін жетілдірген. Осылайша тағы бір жауапты міндетті арқалады десе де болады. Оның осы салада білімін арттыруға, тамыр хирургиясын үйренуіне білікті дәрігер Асқар Маткаримовтің көмегі көп тиген. Сондықтан ол кісіге Жәнібек мырзаның айтар алғысы шексіз.
Алғыс демекші, Жәнібек Өзбековтің дәрігер-хирург ретінде білікті, мықты маман иесі болуына білім нәрімен сусындатқан ұстаздары мен әріптестерінің де үлесі зор. Атап айтқанда, университет қабырғасында интернатурада оқып жүргенде хирургия бойынша бағыт берген Төлеген Игембердиев, Алматы облыстық ауруханасында тамыр хирургиясының қыр-сырын үйреткен Ержан Кенжебеков, Ғабит Бақтыбаев сынды дәрігерлердің ағалық ақылы, тәлімгерлік бағыты Жәнібек мырзаның мықты маман болып шыңдалуына ықпал еткен.
Жәнібек Қабылбекұлының Қарасай аудандық орталық ауруханасындағы қызметтік жолында да тамаша адамдар кездескен. Алғаш хирургия бөлімшесіне жұмысқа орналасқанда осы бөлімнің меңгерушісі Тоқтасын Килимжанұлы жылы қарсы алып, білгенін үйретіп, бағыт-бағдар берген. Сондай-ақ басқа да әріптестерімен сыйластық қарым-қатынасты арттыра білген. Олардың әрбірінің ақыл-кеңесіне айтар алғысы шексіз.
«Қарасай аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде талай азаматтармен әріптес болып, жақсы қарым-қатынас орната білдім. Тәжірибесі мол жандардан біраз нәрсе үйрендім. Сондықтан олардың әрбіріне алғысымды айтамын. Атап айтқанда, Максим Александрович, Орал Сағиұлы, Талғат Әлішұлы және қазіргі бөлімшенің меңгерушісі Берік Нұрадинұлы сияқты әріптес азаматтарға, сондай-ақ осы бөлімшенің ыстық-суығын бірге сезініп жүрген басқа да медицина қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін!», – деді дәрігер-хирург.
Жәнібек Қабылбекұлы – жұмыста білікті дәрігер, ел алғысына бөленіп жүрген азамат болса, отбасында адал жар, ардақты әке. Оның өмірлік серігі Айжан Бердиева да медицина саласынан алыс емес. Ол Алматы қаласындағы №10 ауруханада терапевт болып қызмет атқарады. Бүгінде екеуінің Санжар, Жанель, Мәулен атты балалары бар. Перзенттерінің алдында ата-аналық міндетін орындап, өнегелі отбасының үлгісін көрсетіп келеді.
Төзімділік пен батылдық қасиетті бойына сіңірген, жауапкершілікі жүгін арқалаған Жәнібек Өзбеков, міне осындай. Оның қарапайымдылығы, ұжымына деген сыйластығы, хирург ретінде кәсібилігі көпке үлгі болады деген сенімдеміз.
Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, білікті дәрігер! Алар асуыңыз, бағындырар белестеріңіз жетістікке жетелесін. Халықтың риясыз ришалығына бөленіп жүре беруіңізге тілектеспіз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.