Қазан айының 10-нында қасиетті Қарасай ауданының орталығы болып саналатын Қаскелең қаласы өз күнін атап өтті. Осыған орай ауданымызда біратар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай шараның бірі ретінде орталық кітапханада өткен «Қаскелеңге саяхат!» атты көрмені айтуға болады. Қаланың тарихы баяндалатын көрме аптаның жұмасы күні руханият ордасының қызметкерлері мен ауданымыздың жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Шара барысында көрмені тамашалауға келген жастарды кітапхана қызметкерлері Қаскелең қаласы мен Қарасай ауданының тарихы жазылған арнайы кітаптармен кеңінен таныстырды. Сондай-ақ, шараға жиналған жастардың өздерінің туып-өскен қалалары жайында қаншалықты жақсы білетіндігін тексеру мақсатында, кітапханашылар күннен күнге көркейіп келе жатқан қаламыздың тарихы жайлы дайындаған сұрақтарын да қойды.
Қаскелеңнің өмірі мен тыныс-тіршілігімен таныстыруға бағытталып ұйымдастырылған рухани шара барысында жастар қала жайлы мәлімет алып, оның бүгінгі жай-күйімен кеңінен хабардар болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.