Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы жыл басынан бері өз деңгейінде аталып өтілуде. Тіпті, пандемия уақытында да ақынды ұлықтау жұмыстары онлайн түрде жүзеге асып, осы бағытта әр аймақта әдеби-сазды іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл ретте біздің аудан ішіндегі санитарлық талапқа сай өтіп жатқан шығармашылық кештерді де айтуға болады. Сондай игі бастамалардың бірі өткен аптада аудан жастарының қатысуымен, Қаскелең қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде өткізілді.
Ақынның мол мұрасына арналған әдеби кешті аталған мұражайдың басшысы Серік Қалиев өзі жүргізіп, Абайдың халық ауызында жүрген бірқатар өлеңдерін талдап, оны өлеңсүйер жас қарасайлықтарға жете түсіндірді. Әсіресе, ақын Серік Мақұлбекұлы «Ғылым таппай мақтанба» деп аталатын жыр-шумақтарындағы «бес дұшпан» мен «бес асыл іс» жайлы кеңінен айтып, оның біздің күнделікті өмірімізде қаншалықты әсері бар екенін кеңінен баяндады.
Ғұлама Абайдың осындай озық өлеңдерін таңданыспен тыңдаған жастар да музей басшысымен сөз арасында әңгімеге араласып, ақынның шығармашылығынан рухани ой түйді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.