Мәдениет саласының өсіп-өркендеуі, жаңғыруы қашанда жаңашыл жаңалық алып келуге негізделіп жатады. Сондай өзгерістердің бірі жақында біздің Қарасай ауданында да орын алды. Оған дәйек ретінде аудан бойынша алғаш жас өнерпаздардан құралған «Жастар» театрын айтуымызға болады.
Ауданымызда осыдан бір апта бұрын Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі Сулейман Демирел университетінде көпшілікпен аталып өтілген еді. Оның жалғасы жастардың флешмобына ұласып, маңызды басқосу кешке таман аудандық мәдениет үйінде ерекше іс-шарамен аяқталды. Нақты айтқанда, Қарасай ауданында тұңғыш өнер ордасы болып құрылған «Жастар» театрының тұсауы кесілді. Сахналық ортаны қалыптастырып, әртістердің басы біріккен бұл өнерлі ортаны ауданның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шаралардың бірі десек те болады.
Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар» театры өздерінің алғашқы сахналық қойылымына жазушы Нағашыбек Қапалбектің «Қарасай батыр» атты тарихи драмасын арқау етті. Әртістік шын шеберлігін паш еткен жастар Қарасай бабаның жаугершілік замандағы өмір көрінісін суреттеп, оны бөрілі байрақ ұстаған батыр тұлға ретінде көпшілікке таныта білді. Сонымен қатар, театр сүйер қауымға тағылымды ой салып, ұрпақтың амандығы қаншалықты қымбат екенін түсіндіруге тырысты.
Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор екенін білген дұрыс. Бұл ретте әрине, режиссерлік қырынан танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Оның осы тарихи драманы сахналау барысында өнерге деген шын жанашырлығын, біліктілік арқасында әртістерді лайықты етіп таңдағанын байқауға болады.
Осылайша, «Жастар» театры алғашқы қойылымын сәтті шығару арқылы өз көрерменіне жол таба білді. Қойылым соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев өнерлі ұжымға ықылас гүлін табыстап, алғысын жеткізе келе былай деді: «Бүгінгі әдемі қойылым көрсеткен әртістерге, жетекшілік еткен режиссеріне шын ықыласымды білдіремін. Бұл театр келешекте өз жұмысын жалғастыратын болады. Оған әрине, аудандық әкімдік қашанда қолдау білдіретінін жеткізгім келеді».
Аудан басшысы айтқандай, жас театрдың алдағы қойылымдары әлі талай түрлі жанрлармен жалғаспақ. Өнер әлеміне енді тәй-тәй басқан әртістерге біз де шығармашылық шабыт, абыройлы орта қалыптастыруына тілектеспіз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.