Күні кеше Қарасай аудандық кітапханасында «Жастар тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы» атты еркін пікір алмасу форматында кездесу өтті. Бұл басқосуды Қарасай ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Ұлтарақұлы ұйымдастарды. Шараның басты мақсаты – адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз ұрпақты тәрбиелеу.
Жиынға бірнеше сала өкілдері қонақ ретінде қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлтусын Бархинова, Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Асылхан Еспаев, «Қаскелең» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Арман Тұраров және Қарасай ауданы Қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің өкілі, лейтенат Сапарғали Қалдыев жастармен сұхбат құрды.
Бұл шарада ұлттық мұраны қастерлеуге, татулық, келісім, ынтымақ және ел бірлігін сақтауға, отаншылдық пен мемлекетшілдікке жастарды үйрету көзделді. Осыны сөз еткен Сағат Ұлтарақұлы тәрбиеге қатысты ойын бөлісті.
«Бала тәрбиесі – мемлекеттік маңызды міндет» деген Платоннан келе жатқан қанатты сөз тәрбие жүйесінің негізгі тәрбие жүйесінің қағидасы. Өйткені ұрпақ тағдыры ұлт тағдыры. Тәрбие халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру және баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, көзқарасын қалыптастыру. Тәрбиенің қазығы ғибратты, ғұмырлы, ғасырлар бойы бойымызға берілген ұлттық педагогика болып табылады», – деді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы.
Ал өз кезегінде «Қаскелең» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Арман Ерболұлы әскери өмірдің маңызы жайлы нақты ақпарат беріп, өз тәжірибесінен мысал келтірді. Ол әскердің ер жігітті тәртіпке, жауапкершілік-пен отансүйгіштікке тәрбиелейтініне ерекше тоқталды. Сонымен қатар жастарды қоғам өміріне белсенді араласуға, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндеді.
Бұл кездесуде жастар мен аға буынның арасындағы рухани сабақтастық көрініс тапты. Ардагерлер мен сала мамандарының өмірден түйгендері, ақыл-кеңесі жасөспірімдерге серпін беріп, болашаққа деген көзқарастарын тереңдете түсті.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.