Жасотандықтардың партиялық жұмыста алатын орны ерекше. Олар мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына үлкен үлес қосып келеді.
Қазіргі кезде қарыштап дамып келе жатқан цифрландыру заман талабы болып отыр. «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» демекші, әлемдік деңгейде сандық Қазақстанды дамыту келешек ұрпақтың қолында. Осы негізде өткен аптаның жұмасында, аудандық «Жас Отан» жастар қанаты филиалының ұйымдастыруымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Жастар.Энергия.Инновация» атты жастар форумы өтті.
Аудан жастарының басын қосқан форумның мақсаты білім алушылардың танымдық қызметін арттыру, жастардың тілдік құзіреттілігін анықтау және көшбасшылық қабілеттерін дамыту болды.Сондай-ақ, жиын барысында белсенділер осы күнге дейін атқарылған жұмыстарымен таныстырып, сөз сөйлеу шеберлігі, құжаттарды реттеу, құқық негіздері, SMM және көшбасшылық жайында да өз ойларын айтты. Іс-шара соңында «Жас Отан» жастар қанатының қызметінде белсенділік танытқандарды «Жас Отан» жастар қанаты филиалының жетекшісі Мәдина Нұрланова марапаттап, алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.