Бүгінде барша тұтас түркі халқы байырғы заманнан келе жатқан «көктемгі жаңару» мерекесі – Наурызды тойлауда. Елімізде орын алып отырған қазіргідей жағдайға қарамастан бүкіл ұлт пен ұлыстың сағына күтетін ортақ мейрамына орай республикамыздың барлық аймақтарында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, игі істер атқарылуда. Осы шаралар легінен қарасайлық жастар да қалыс қалмай, өткен аптада, ауданымыздың қарияларын мерекемен құттықтау мақсатында, қайырымдылық акциясын өткізді.
Ұлыстың ұлы күні дәстүрлі түрде әрбір үйде қазан оттан түспей уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурыз көже дайындалады. Себебі, ырымшыл қазақ халқы байырғыдан ақ пен құнарлы жеті түрлі дәмнен жасалатын көже молшылық пен береке әкеледі деп санаған. Осыны негізге ала отырып, мереке қарсаңында ауданымыздың Жастар ресурстық орталығы. Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжімен бірігіп, «Наурыз көже» акциясын өткізді.
Нақтырақ айтқанда, шара барысында жастар колледждің аспаздарына жылдың басты тағамы, дәмділігі тіл үйіретін қасиетті дәм – наурыз көже дайындатып, ауданымыздың қарияларының үйлеріне барып, мейрамдарымен құттықтай отырып, көжеден дәм татқызды. Өз кезектерінде осындай бір мерекеде назардан тыс қалдырмай арнайы келіп, жақсы көңіл-күй сыйлап, дәмді көжеден ауыз тигізгендері үшін ардақты аталар мен аяулы әжелер жастарға үлкен ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Міне, осылайша әр мейрам сайын атқарылатын шараларға белсенді түрде атсалысып, өз тараптарынан да көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын белсенді жас қарасайлықтар шығыс халқының төл мерекесін тойлап қана қоймай, сондай-ақ, ауданымыздың қарияларына тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.