2019 жылғы маусым айының 20-да ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен, Қарасай ауданы Шамалған ауылында қазіргі талапқа сай спорт нысаны салынған болатын. Аталған кешеннің ашылу рәсіміне Елбасы арнайы қатысқан да еді. Өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жас жеткіншектерге ақ батасын беріп, болашақта еліміздің туын асқақтатын чемпиондар болып шығуларына тілегін білдірді. Биыл, міне, талай жас спортшыларға жол ашып, шәкірттерін түрлі додаларға баптайтын, ауданның абыройын әр аймақта асқақтатып жүрген спорт мектебінің ашылғанына екі жыл толып отыр.
«Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазіргі уақытта спорттың 16 түрі бойынша 1548 оқушы жаттығады. Оның 11-і олимпиадалық болса, 5-і олимпиадалық емес болып саналады. Жалпы жаттықтырушылар саны – 42. Оның ішінде – 34-сі негізгі, 8-і қосалқы болып есептеледі. Олардың арасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі және ҚР спорт шебері сияқты елеулі атақтың иегерлері де бар. 42 жаттықтырушының біліктіліктері бойынша төртеуі І санатты, үшеуі ІІ санатты екенін де ерекше айтуға болады.
2020 жылдың қараша айында мектебімізде «Тұңғыш Президент жолымен» тақырыбында халықаралық экспедиция өткізілді. Бұл конференцияға Франция, Германия, Венгрия, АҚШ, Түркия, Иран, Ауғанстан, және ТМД елдерінің бірнеше елшілері, сонымен қатар, халықаралық ұйымдардың басшылары мен БҰҰ өкілдері қатысты. 2020 жылдың желтоқсан айында мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Дәурен Төлеген, Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасына ие болды. Оны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы табыс етті.
Ашылғанына екі жыл болса да «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қазіргі таңда ауыз толтырып айтатындай жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, жылдың басында Текелі қаласында өткен дзюдодан Алматы облыстық чемпионатында шәкіртіміз Іңкәр Талепбергенова чемпион атанды. Жаттықтырушылары – Қ.Ахметжанов пен А.Еженханова.
Мектептегі спорттың шахмат түрі де қарқынды түрде дамып келеді. Мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, біраз жүлдемен оралғаны көңіл қуантады. Осы ретте шахмат спортының жаттықтырушысы Мұхтар Ахметовтың еңбегі ерекше зор екенін айта кету керек. Ал, муай тай спортынан өткізілген Алматы облысының чемпионатында мектеп оқушылары – 11 алтын, 15 күміс және 13 қола жүлдеге ие болып, жалпыкомандалық есепте топ жарды. Жаттықтырушылары – Ю.Щукин, В.Лопарев. Ақпан айында Каскелең қаласында таэквондодан Алматы облысының чемпионаты өткізілетін болатын. Бұл жарыста да мектебіміздің оқушылары дараланып, жүлделі болды. Атап айтқанда, Аружан Кәукен І орын алса, Роза Ертісова Роза ІІ орынға ие болды. Жаттықтырушысы – Р.Шуленбаев.
Қ.Тұрсынбай жаттықтыратын мектебіміздің «Үшқоңыр-2008» құрамасы Алматы қаласының PFL JUNIOR қысқы чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ақпан айының ортасында Қапшағай қаласында самбо күресінен Алматы облысының чемпионатында жас палуандарымыз бір күміс пен үш қолаға ие болды. Жаттықтырушылары – М.Алибекова, М.Қиса және Б.Дюзбаев.
Ағымдағы жылдың ақпан айында спорт кешеннің мерейі тағы да үстем болды. Талдықорған қаласында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа мәжілісі өткізіліп, онда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ұжымның атқарған еңбегін жоғары бағалап, мектебімізге «Газель» автокөлігінің кілтін табыстады.
Талғар қаласында армрестлингтен үлкен дүбірлі өткен жарыстан да мектеп оқушылары жүлделі орындардан көрінді. Е.Суфан жаттықтыратын спортшыларымыз екі күміс пен бір қоланы қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, наурыз айының басында шәкіртіміз Диана Певцова Талдықорған қаласындағы жекпе-жек спорт түрінен ҚР чемпионатында жеңімпаз атанып, облыс мерейін асқақтатты.
Тағы бір ерекше айтып кететін жаңалықтың бірі – спорт кешеніміздің басшысы Дәурен Төлегеннің Алматы облысы чемпионатында ересектер арасында бокстан ауыр салмақта чемпион атануы. Айтулы дода Талдықорған қаласында наурыз айында ұйымдастырылды.
Сәуір айының аяғында мектебімізде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық жарысына жолдама алу үшін «Жетісу бөрісі» облыстық іріктеу жарысы жоғары деңгейде өткізілді. Дүбірлі додада Балқаш ауданының намысын қорғаған Руслан Әбдіразақов барлық қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Жарысқа құрметті қонақ ретінде Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысқанын да айта кеткен жөн.
Мамыр айында еркін күрес бөлімшесінің спортшылары Көкшетау қаласындағы республикалық турнирге қатысып, нәтижесінде төрт оқушы чемпион атанса, бір шәкіртіміз қола жүлдеге ие болды.
Мектебіміздің беделін арттырған жетістіктердің қатарында «Үшқоңыр – 2006» футбол командасының да үлесі зор. Жасөспірімдер құрамасы 1-6 маусым күндері Талдықорғанда өткен облыстық чемпионатта жеңіске жетті. Айта кету керек, бұл жарысқа дейін олар аудан ішіндегі іріктеуден өтіп, қарсыластарынан басым түскен. Облыс орталығында бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша «Үшқоңыр – 2006» командасы Жетісу жерінің чемпионы атанды. Ш.Рахметқожаев шынықтыратын теңбіл допшылар алдағы уақытта Ақтөбе қаласында өтетін республикалық чемпионатта ойнайтын болады. Енді олар Қарасай жерінің атын бүкіл елге танытумен қатар, «Үшқоңыр» спорт мектебінің де мерейін үстем етеді үміт бар.
Жалпы айтқанда, биылғы 2020-2021 оқу жылында мектебіміздің оқушылары 30-дан аса жарысқа қатысып үлгерді. Жеткен жетістігіміз жаман емес деуге болады. Самбодан, бокстан, дзюдодан, муай тайдан, таэквондодан және қол күрестен ресми Алматы облысының чемпионаттарында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Шәкірттеріміз бас-аяғы 25 алтын, 32 күміс және 44 қола жүлдеге ие болды.
Жоғарыда атап өткен жеңістердің барлығы, әрине, білікті жаттықтырушылардың арқасында екені рас. Олардың осындай мақтап айтарлық жетістіктеріне мектеп әкімшілігі өз ризашылықтарын білдіреді. Бұдан бөлек, «Үшқоңыр» спорт кешенінде жаттығам деушілердің саламатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, келушілердің денсаулығын қадағалайтын медициналық бөлмелерді айтсақ болады. Одан бөлек, 450 адамға лайықты етіп тұрғызылған стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдары спортшы жандарға арнайы жасалынған. Біздің жоғарыда айрықша атап көрсеткеніміздей, көптеген спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталған. Сондай-ақ, көптеген спорттық жарыстар мен іс-шаралардың алдын ала ұйымдастырылуына, талқылануына байланысты конференция залдары спорт кешенінің бірден-бір ерекше орындары деуге болады.
Міне, екі жылдық тарихын артқа тастаған «Үшқоңыр» спорт кешенің бүгінгі келісті келбеті мен жарқын жетістіктері осындай. Толағай табысқа жетуді көздейтін бірлігі жарасқан ұжымның алға қойған мақсаттары айқын, жоспары жүйелі.
Жәнібек ЖАҚЫПОВ,
«Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары.