Қарасайлық жастардың әрбір істе белсенділігі еш төмендеген емес. Олар керек болса ерікті атанып, қажет кезде қоғамдық іске араласып жүретіні көпшілікке белгілі. Осындай жұмыстың басы-қасында жүріп, жастар саясатын жүйелі жүргізіп жүрген Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының ілгері істерін жоққа шығаруға болмайды. Аталмыш ұйымның өткен жылы атқарған жұмысы осы аптада аудан әкімдігінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі Кеңес отырысында айтылды.
Жиынға Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ілияс Қалиев төрағалық етіп, күн тәртібінде талқылануға тиіс екі мәселені атап айтты. Оның бірі – 2022 жылы Жастар ресурстық орталығының атқарған жылдық қорытынды жұмысы болса, екіншісі – өткен жылғы аудан жастарының жұмыссыздық мәселесін талқылау, оның салдарымен күресу, оған тап болғандарды жұмыспен қамту. Сонымен қатар, бұл жиынға аталмыш орталыққа қарасты қала және ауылдық округтерде жұмыс істейтін әдіскер-нұсқаушылар мен әр округтің басшылары, жастар ісімен айналысатын білім, денсаулық, құқық қорғау саласының мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жайлы аудандық Жастар ресурстық орталығының жақында ғана тағайындалған жетекшісі Жарқынай Садуова баяндама оқыса, талқыға түскен жастардың жұмыссыздық проблемасына қатысты ақпаратты Қарасай аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абылай Зуайда жеткізді. Ол өз сөзінде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы біраз жасқа қолдау болғанын және өз өтініштері бойынша басқа да жұмыссыз жандар қызметке орналасқанын айтты.
Сондай-ақ, кеңес отырысында мектеп оқушыларының электронды темекіге деген құмарлығы талқыланды. Оған қатысты статистикалық деректерді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасының дәрігер-валеологы, Жастар денсаулық орталығының менеджері Дана Таждинова нақтылап, осы зиянды заттың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Десе де бүгінгі таңда құзырлы орган өз тарапынан күресіп жатқаны белгілі болды. Бұл жайында Қарасай аудандық Полиция басқармасының өкілі, Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Ернар Ембердиев түсіндіріп, электронды темекіге әуес болған балалар да, олардың ата-аналары да жазасыз қалмайтынын жеткізді. Яғни, заң аясында оларға тиісті шара қолдануда екенін айтты.
Кеңес отырысында қала мен ауылдық округтегі әдіскер-нұсқаушылардың жұмысы бағаланды. Одан бөлек, олардың міндетіне жатпайтын қосымша істерді атқаруы да сөз болды. Осы айтылғандарды Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ілияс Еділұлы ескеріп, әдіскер-нұсқаушылардың атқарып жүрген міндеттері мемлекеттік қызметшілермен бірдей екенін айтып, жалақыларын көтеру немесе сыйақы беру жөнінде мәселеге көңіл бөлді. Оны назарда ұстайтынын айтып, жиында айтылған ұсыныстарды ескеріп, жастарда жаңаша леп, серпіліс болу керектігін алға тартты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.