Ұлт болашағы, тәуелсіздік тұтқасын берік ұстайтын, еліміздің ауқымды стратегиялық межелерін, мақсаттарын іске асыратын – жастар. Сондықтан да мемлекетімізде жастардың мәселесіне қашанда ерекше назар аударылып, үлкен ықылас танытылады.
Таяуда Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өткені белгілі. Онда Мемлекет басшысы еліміздің дамуына және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің көтерілуіне бағыттылған он бағытын белгілеп, нақты жоспарларымен бөліскен болатын. Осы 10 бағыттың ішінде маған жас маман ретінде Президентіміздің бір бағытты жастар мәселесіне арнап, жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайтынын айтқаны ұнады. Оныншы бағытта Мемлекет басшысы еліміздің дамуына өте үлкен үлесін қосқан Елбасының жастарға жасаған қамқорлығының одан әрі жалғастырылып, оларды жұмысқа орналастыру үшін бағдарламалар жасалып, арнайы жобалар жұмыс істей бастайтынын атап көрсетті. Мұнан бөлек, Президент мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» құрылатынын да мәлімдеген болатын. Бұл бастамалардың барлығы да жастардың алдыға жылжуы үшін берілген таптырмас мүмкіндік.
Сондықтан да біздер – жастар еліміздің дамуында шешуші рөл атқарып, прогрестің қозғаушы күші ретінде бар күш-жігерімізді, білімімізді, біліктілігімізді сала отырып, Мемлекет басшысының көздеген мақсаттарына жетуіне өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Жарқынай САДУОВА,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының» маманы.