Алда келе жатқан 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні аясында Қарасай клиникалық көпсалалы аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен ерекше балалар арасында сурет салу сайысы өтті.
Аудандық орталық аурухананың медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Дана Таждинованың мәліметіне сүйенсек, мұндай шара осы уақытқа дейін ұйымдастырылмаған. Сондықтан өнерлі жастарды ынталандыруды мақсат еткен сайыс алғашқы бастама ретінде осы жылы көрініс тауып отыр.
Орталық ауруханада денсаулығы жағынан кінәраты бар мыңға жуық ерекше бала тіркелген болса, аталған байқауға соның 102 қатысқан. Алты және он бес жас аралығындағы өнерлі қылқалам шеберлері «Мен бақытты баламын», «Мен өмірді сүйемін», «Менің бақытты отбасым» секілді тақырыптардың бірінде сурет салудан өзара сынға түсті. Балақайлар өз қиялдарына ерік беріп, барынша күш жігерлерін салып, қағаз бетіне ішкі көңіл-күйі мен жан тебіреністерін түсірді.
Ал олардың жұмысын бағалау үшін БАҚ өкілдері мен аурухана ұжымы арасынан құралған қазылар алқасы шешімді бірден шығаруға көп ойланды. Өйткені кейбіреуі өзінің кумиры болған футболшыны, отбасын, бақытты балалық шағын шынайы бейнелеген. Сондықтан ерекше туындыларды көріп, көз сүйсініп, ой түюге болады.
Жас таланттылардың көркем қаблеттерін, қиялы мен дарынын жетілдіруге және оларға қолдау көрсетуге бағытталған байқау қорытындысы бойынша жұмысы жоғары бағаланған ерекше қылқалам шебері, саусақпен сезу арқылы сурет салатын Айзере Дауылбай жеңімпаз атанып, бас жүлдені еншіледі. Ал жүлделі І орынды Иманғали Ерман, ІІ орынды Долан ауылының тұрғыны Ясир Серік, ІІІ орынды Арайлым Махмуд иеленді.
– «Біздің басты мақсатымыз – балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, қолдау көрсету болып табылады. Бүгінде біздің ауданымызда ерекше балаларды оңалту үшін амбулаториялар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ емдеу мекемелерінде психолог маман балалармен нәтижелі жұмыстар жүргізуде», – дейді Дана Бектұрғанқызы.
Тағы бір айта кететіне, таяуда аурухана ұжымы мен комиссия мүшелері Көкөзек ауылында тұрып жатқан сайыс жеңімпазы Айзеренің үйіне арнайы барып, мейрамымен құттықтап, сурет салуға арналған құралдар мен ойыншықтар сыйлады. Сондай-ақ бұл күні өзге де жүлдегерлермен қоса барлық қатысушы бүлдіршінге сыйлықтармен диплом табысталды.
Осылайша, мереке қарсаңында өз еңбегінің нәтижесін көрген балақайлар шын қуанып, шат-шадыман күйде болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақта бұл жоба ауқымды түрде жылда жалғасын тауып отыратын болады.
Әділет Жалғасбекұлы.