Ұлт денсаулығы кез келген ел үшін ең бірінші маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттің өсіп-өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның алға қойған мақсат-мүддесі, стратегиялық жоспарларының іске асуы халқына байланысты. Осы ретте әр мемлекет өз халқының, әсіресе өскелең ұрпағының жағдайын жасап, олардың білімді әрі дені сау болып өсуіне барынша қолдау көрсетеді. Сондықтан әр елде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінеді.
Біздің мемлекетімізде соңғы жылдары бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында осы мәселені талай мәрте айтып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берген болатын.
Соған байланысты еліміздің барлық аймағында, әсіресе шалғай ауылдарда спорт кешендері, воркауттар, демалыс алаңдары салынуда. Оған дәлел – таяуда Ұйғыр ауданына қарасты Кіші Дихан ауылдық округінің спорт сүйер жасөспірімдеріне қуаныш сыйлаған жаңа спорт кешеннің ашылуы.
Шалғайда жатқан ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануына, саламатты өмір салтын қалыптастыруына зор ықпалын тигізетін кешеннің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова арнайы келіп қатысты.
Ал оның лентасын жеңіл атлетикадан Кеңес Одағының спорт шебері, рекортcмен Армия Ушуров пен Нұрлан Ерғалиұлы қиды.
Өңір жастарының игілігіне салынған 50 орындық кешеннің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың басында басталып, жоспарға сай уақытылы аяқталған. «Алматы облысының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен 828 195,8 мың теңгеге салынған нысанның құрылыс жұмыстарын «СП «NEFT» ЖШС-ы жүргізген. Оның жалпы ауданы – 1 509,8 шаршы метр.
Аталмыш спорт кешені жарыстар, жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу, топтық және жеке сабақтар, күрес және бокс сабақтарын өткізуге арналған. Спорт кешенінің құрамына әмбебап спорт, бокс, күрес залдары әкімшілік және тұрмыстық мақсаттағы үй-жайлар кіреді.
Ғимараттың бірінші қабатында кіру тобы, әмбебап спорт залы, 24 адамға арналған екі киім ауыстыратын бөлме (әйелдер мен ерлер үшін), 6 адамға арналған жаттықтыру залы, медициналық мақсаттағы бөлме, әкімшілік және тұрмыстық залдар көзделген.
Екінші қабатта күреспен айналысуға арналған зал, бокспен айналысуға арналған зал, 15 адамға арналған екі киім ауыстыратын бөлме, техникалық залдар, тұрмыстық мақсаттағы бөлмелер орналасқан.
Кіші Дихан ауылдық округінің әкімі Елдос Таубалдиннің айтуынша, өңірде бұған дейін мұндай жайлы әрі жарық спорт кешені болмаған.
– Ауылдың спорт сүйер жасөспірімдері үшін осындай заманауи спорт кешенінің ашылуы үлкен қуаныш. Көптен күткен қуанышқа аймақ халқының үлкені мен кішісі дән риза. Округімізде жалпы 2,5 мың адам тұрса, соның 800-ден астамы – жастар. Ендігі кезекте жас буын өзінің бос уақытын тиімді өткізетін болады. Ол үшін бар жағдай жасалған, – дейді ауылдық округінің әкімі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Ұйғыр ауданы.