Дені сау ұрпақ – қоғамның қуаты дегендей, жастардың спортты серік етіп, айналасына үлгі боларлықтай жетістікке жетуі кімді болсын сүйсіндірері сөзсіз. Жалпы, жастайынан дене тәрбиесіне көп көңіл бөліп өскен жеткіншек түбі бір белесті бағындырады. Әсіресе, мектеп қабырғасынан баланың спортқа деген құлшынысы ерте оянады. Сондықтан болашақ олимп шыңын бағындырар жастардың зейінін арттыру үшін оқушы кезден бейімдеген дұрыс. Ауданымызда мектепішілік, ауыларалық сайыстар жиі ұйымдастырылады. Олардың ішінен жасындай жарқылдағандар арасынан облыстың намысын қорғап жүргендері де баршылық. Жастарымыздың осындай, тіпті, одан да жоғары дәрежеде көрінуі үшін, жоғарыда айтқандай, жарыстар көптеп өткізілгені дұрыс деп ойлаймыз.
Осы орайда өткен аптада Әйтей ауылдық округіндегі болған турнирді тілге тиек етуге болады. Б.Қосынов атындағы орта мектебі ауыл әкімдігімен бірігіп, 2002-2003 жылғы жасөспірім қыздар арасында баскетболдан «Әкім кубогы» үшін жарыс ұйымдастырды. «Спорт – таусылмас азық» тақырыбында өткізілген турнирге Жаңа Шамалған, Елтай, Еңбекші, Шалқар, Әйтей ауылдарының мектеп оқушылары қатысты. Сайыс салтанатты түрде мемлекеттік Гимнмен ашылып, командалар таныстырылды. Құрметті қонақтар қатарында аудандық спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов, Әйтей ауылдық округінің спорт маманы Дәурен Бекетұлы және мектеп директоры Дәурен Саусақбаев болды.
Баскетбол ережесіне сай командалар А және Б тобы бойынша өзара айналымды ойын өрнегін көрсетті.Нәтижесінде ұпай санының ерекшелігіне байланысты спортшылар келесі кезеңге өтті. Сонымен, жартылай финал Еңбекші-1 мен Шалқар ауылынан жасақталған командалар арасында болды. Ал, ақтық сында «Әкім кубогын» Елтай округі мен жарыс қожайыны Қосынов мектебі өзара сарапқа салды. Тартысты турнирдің нәтижесінде 12-3 есебі бойынша Әйтей ауылының қыздар командасы жеңіске жетті.
Соңында жүлделі орындарға ие болған командаларға арнайы кубоктар, алғыс хаттар мен медальдар табыс етілді. Жарыс болғасын біреуі оза шауып, біреуі жеңілістің дәмін татуы ол – заңдылық. Спортшы қыздар да осыны мойындап, алаңдағы қарсыластықты ұмытып, достықтың белгісі ретінде бірігіп естелік суреттерге түсті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.