Жақында Шамалған ауылындағы мектептің аумағында белгілі бір діни топтағы адамдардың оқушыларға білезік пен тәтті таратқаны белгілі болған еді. Осы ретте сейсенбі күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жуырда, яғни, қаңтар айының 14-і күні ауданымызға қарасты Шамалған округіндегі Үшқоңыр мектебінің жанында өзге елден келген кәріс ұлтының азаматшалары оқушыларға тәтті кәмпиттер мен білезіктер таратқан болатын. Аталмыш мектептің мұғалімдері ұстап алған адамдар ауданымыздағы христиан дінінің протестант тармағынан шыққан гуд-ньюс деген ағымды ұстанушы топтың мүшелері екені анықталды.
Жиында ауданымыздың теологы Мағжан Құрман мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің дінтанушы маманы Қуанышбек Назар аталған жағдайға қатысты ойларын айтып, діни ағымның өкілдері осындай істері арқылы әлі де ой-санасы толығымен жетілмеген балаларды өздерінің ағымдарына тартып алғылары келгендігін түсіндірді. Бұл ретте баяндаушылар қарсы қандай іс-әрекеттер қолданып, кімге хабарласу керектігін де жеткізді. Әсіресе, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізу керектігін, теолог немесе имамдардың қатысуымен сынып сағаттарын, діни шаралар мен профилактикалық жұмыстар атқару қажеттігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Мағжан Құрман мен Қуанышбек Назар биылғы жыл Волонтер жылы болғандықтан, елімізге өзге мемлекеттердің түкпір-түкпірінен еріктілер атынан миссионерлер де келіп, әртүрлі шаралар өткізу арқылы өздерінің теріс ағымдарын насихаттаулары мүмкін екендігін және де ондай жағдайда дереу жергілікті учаскелік полиция инспекторларына хабарласуларын сұрады. Мұнан бөлек дінтанушылар мектеп директорларына балалардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу жағын қолға алуды атап айтты.
Басқосу барысында қатысушыларға елімізде бар теріс ағымдағы топтар туралы да қысқаша мәлімет берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.