ІЛЕ АУДАНЫ
Көптеген балалар үшін арнайы форма киіп, ел тыныштығын күзетіп, өмір мен өлім арасында жүрген тәртіп сақшылары мен өрт сөндірушілер батыр іспеттес. Сондықтан көптеген жасөспірім ер жеткен соң осы саладағы қызметкерлердің қатарына қосылып, елін қорғайтын азамат болғысы келеді.
Балалардың арманын орындап, сондай-ақ оларды жас кезінен тәртіп пен адалдыққа баулу мақсатында Іле ауданындағы мектептерде «жас полицей», «жас шекарашы», «жас өрт сөндіруші», «жас ұшқыштар» сынды 20-дан астам әскери-патриоттық сыныптар ашылған еді. Бүгінде ол сыныптарда 480 шәкірт білім алып, өз бойларында отанға деген сүйіспеншілігін оятудан бөлек, мектептегі құқықбұзушылықтың алдын алуға көмек көрсетуде.
Жақында Өтеген батыр кентіндегі № 38 мектеп-гимназиясының аумағында аталмыш патриоттық клубтардағы оқушылардың ант қабылдауына арналған салтанатты рәсім өтіп, тәрбиеленушілер қатары тағы да 52 жас сарбазға толықты. Шараға арнайы шақырылған қонақтармен бірге Алматы облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Тленчин Арман Хайбарұлы қатысты.
Гимннің орындалумен ашылған рәсімде ересек сарбаздар сияқты жас оқушылар сапқа тұрып, салтанатты түрде шеру ұйымдастырды. Одан кейін патриоттық сыныптардың тәрбиеленушілері көпшілік алдында Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарын қатаң сақтауға, патриоттық рухты биік қойып, Отанды қорғауға, оның мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант берді.
Жиында сөз алған Алматы облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Арман Хайбарұлы оқушыларды құттықтап, балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы өңірде өскелең ұрпақ бойында ұлттық рухты қалыптастыру, әскери патриоттық тәрбиені жандандыру ісін мықтап қолға алып келе жатқанына қуанышты екенін айта келе, балаларға деген жылы лебіздерін білдірді.
Шараға арнайы келген көрермендерге оқушылар қоян-қолтық ұрыс бойынша бірқатар тактикаларын, ашық алаңда жарылыс заттарын іздестіру сынды оқу жаттықтыруларын көрсетті. Сонымен қатар, қаруды аз уақыт ішінде бөлшектеу мен жинау әдістері бойынша да шеберліктерін көрсете білді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.