Бүгінде ауданымыздың 90 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өз деңгейінде аталып өтіліп келеді. Оның арасында спорт саласындағы түрлі бәсекелі жарыстарды да айтсақ болады. Сондай спорттық шараға ұласқан қазақ күресінен ашық турнир өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. Осы орталықтың ұйымдастыруымен өткен жарысқа ауданның 200-ге жуық жасөспірімдері қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынады.
Шара барысында аталмыш спорт мектебінің басшысы Дәурен Төлеген спортшыларды ауданның 90 жылдығымен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен, боз кілемде белдескен жас палуандар өз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, көпшілікке спорттық шеберлерін таныта білді. Қазақ күресіне деген құлшыныс жарысқа қатысушы әр баланың жанарында байқалып-ақ тұрды. Өйткені, әрбірі жеңіске құштарлық танытып, намысқа тырысып бақты.
2004 — 2006 жылғы жасөспірімдер арасынан Әділет Төкен, Салман Орынбай, Нурдин Әбдіхалық, Арнұр Бекболат, Мұхаммед Тінейбай сынды оқушылар алғашқы орындардан көрінді. Ал, 2007 — 2009 жылғы жас палуандар ішінен жеке дара көрінгендердің қатарында Нұрасыл Хожанұлы, Ерасыл Ермағанбет, Мади Нұрлан, Нұрдаулет Батырханов, Едіге Кемелбек, Әмір Смағұл, Бақдаулет Балжан сияқты спортшылар болды.
Жас ерекшеліктеріне, әрі салмақ көрсеткішіне байланысты басқа да күресті серік еткен балалар лайықты бағаларын алды. Жарыс соңында турнирдің жүлдегерлері марапатталып, оларға арнайы медальдар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.