«Қарт жүрген жер – береке, жас жүрген жер – мереке» демекші, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан жастары Қаскелең қаласындағы «Нұр Отау» қариялар үйіне барып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ата-әжелерімізге арнайы ұйымдастырылған бұл шара қайырымдылық марафоны аясында өтіп, «Қарттарым – асыл қазынам» атты бастамамен Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы мен Мәдениет колледжі еріктілерінің атсалысуымен жүзеге асты. Ұрпағының жылуын аңсаған қарияларымыз жастардың берген сый-сияпатына ерекше қуанды. Айта кету керек, бұл мерекелік тартуға ауданның мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков қаржылай қолдау білдіріп, қарияларға деген құрметін білдірді.
Мұндай іс-шара осымен төртінші жыл жастардың қатысуымен «Нұр Отау» қарттар үйінде аталып өтілуде. Әр жыл сайын жас қарасайлықтар ерекше дайындықпен келеді. Биыл да олар дәстүрінен жаңылмады. Қаскелең қалалық Мәдениет колледжі өнерпаздарымен бірігіп, концерттік бағдарлама ұсынды. Әсем әннің шырқалғанына қарияларымыз балаша қуанып, жастармен бірге би де биледі. Асыл әжелеріміз бен ардақты аталарымыз ауданның жас өрендеріне шексіз ықыластарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Тағдырдың сынағына мойымаған қадірлі қарияларымыз қашанда осылай күліп жүрсе деген тілегіміз бар. Олардың жанарындағы мұң-қайғы үнемі қуанышқа айналса екен. Біз, жастар, үлкенге ілтипат білдіруден жалықпаймыз. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар орталықтың атынан әлі талай ұйымдастырылатын болады. Ең бастысы қарияларымыз тек өз күндерінде ғана емес, басқа кездерде де құрметке бөленуі тиіс деп білеміз.
Аяулым БОЛАТБЕК,
аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы.