Ұлттық идея (немесе Қазақстан жағдайындағы жалпыұлттық ауқымдағы идеялар кешені) мемлекеттің қалыптасуы, ұлттық өзіндік сананың дамуы және ұлттық бірегейліктің орнығуы барысында бекиді. Ұлттық идея дүниетанымдық бағдардағы құндылықтар жүйесіне негізделеді. Саяси үдерісте ұлттық идея халықтың интеграциясы мен идентификациясы функциясын, оның тарихи өмір сүруінің мұратын анықтау, биліктің заңдылығы, насихаттаушы және топтастырушы қызметтерді орындайды. Осыны негізге алған аудандық «Атамекен» музейінің әкімшілігі Қаскелеңдегі Сүлеймен Демирел университетімен бірлесіп, осы сейсенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында «Ұлттық бірегейлік – сананы қалыптастырудағы тарихи сананың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, SDU, «Нархоз» жоғарғы оқу орындары ұстаздары және Философия, саясаттану және дінтану институтының қызметкерлері, тарих саласының Phd докторлары, студенттер қатысты. Жас ғалымдардың басы қосылған жиын барысында құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы, ұлттық және діни бірегейліктің арақатынасы, тарихи сананы қалыптастырудың мәселелері сынды тақырыптар көтеріліп, баяндамалар оқылды. Қысқасы, конференцияға жиналған азаматтар ел дамуына жаңа өріс әкелген Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Мәдени мұра» бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды зерделеп, осы бағыт бойынша алдағы таңда оны тиімді жүргізу үшін ұсыныстар мен өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Жиынды С. Демирел университетінің әлеуметтік ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, саясаттану PhD докторы Жеңісбек Төлен ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары Нұржігіт Абдуқадыров пен Мадияр Саудабаев сөз алды. Біріншісі «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасындағы түркі халықтары тарихының концептуалдық негіздері жайлы айтса, келесісі БАҚ-тың қоғамдық бірегейлігін қалыптастырудағы маңызы жайындағы зерттемесімен бөлісті. Өзгелері де қалыс қалмай тақырып аясында өз дерекқорларымен бөлісіп, ойларын орта салды.
Конференцияны қорытындылай келе жас ғалымдар Қазақстан халқының бірлігі мен бірегейлігін сақтауда, нығайтуда ұлттық болмыстың рөлінің ерекше маңызды екендігін айтты. Этностардың ұлттық коды және сана жаңғыруындағы жалпы ұлттық бірегейліктің қалыптасу өлшемдері туралы құнды мәліметтер де қозғалды. Жиын соңында аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрғожа ұйымдастырушыларға ізгі тілегін білдіріп, осы басқосу жастардың қатысуымен өткендігі үлкен маңызға ие екендігін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, Сүлейман Демирел университетінің әкімшілігі атынан конференцияға келген ғалымдарға арнайы сертификаттар табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.