Құрамында Әйтей, Үштерек, Еңбекші, Құмарал, Сауыншы деп аталатын бес ауылы мен екі саяжайы бар Әйтей ауылдық округінің бүгінгі экономикалық жағдайы жаман емес. Жыл өткен сайын даму барысында оң өзгеріс байқалады. Тіпті, қазіргі уақытта мұнда құны 2,5 млрд теңгеден бастап, 5 млрд теңгеге жететін бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Одан бөлек денсаулық сақтау саласында да қуанышты жаңалықтар орын алып, емдеу ісіне де көңіл бөлінді.
Дәл осындай әр салаға қатысты жағымды жаңалықтардың легі аталған ауылдық округте жалғасын табуда. Оның жай-жапсары аудан әкімі Жасұлан Естеновтің Еңбекші ауылында халықпен өткен кездесуінде айтылды.
Жасұлан Тоққожаұлы алдымен Қарасай ауданының бүгінгі ахуалынан хабардар етіп, оның ішінде Әйтей ауылдық округінің әлеуетіне жеке тоқталды.
Республикалық тасжолдың бойындағы округтің бүгінгі халқының саны – 20 мыңға жуық. Аумағында 7 өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, ауданның экономикасының дамуына едәуір үлес қосуда. Ал осы компанияларда 182 адам тұрақты түрде еңбек етуде. Шағын және орта кәсіпкерлікке келер болсақ, оның саны 1000-нан асады және 1700-дей адам жұмыспен қамтылған.
Жоғарыда атап өткендей, мұнда құны 5 млрд теңгеге дейін инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Олар – полистиролбетон плиталарын дайындайтын «Алға Макс» зауыты, құрылыс материалдарын өндіретін «Almaty W.S» және «B MAX Surgacio Corporational» деп аталатын инновациялық медициналық бұйымдар өндіру кешені.
Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобаның бірі – «Ауыл аманаты». Бұл бағдарламаның игілігін әйтейліктер де көруде. Мәселен, үш жеке кәсіпкер төмен пайызбен берілетін несиенің арқасында бизнестерінің көкжиегін кеңейтуде. Әрбірі 10 млн теңгеден астам қаражат алып, бірі жылыжаймен айналысса, екіншісі туризм бағытында этно-орталық ашып, үшіншісі қабырғалы тор өндіруді қолға алған.
Әлеуметтік бағытта іске асырылған басты жұмыстарға тоқталар болсақ, олардың қатары аз дей алмаймыз. Ең маңыздысы – Үштерек ауылындағы 50 келушіге арналған дәрігерлік-амбулатория. Заманауи үлгіде жабдықталған медициналық мекеме осы жылдың наурыз айында ашылып, ел игілігіне берілген еді. Сондай-ақ өткен жылы Әйтей ауылында модульдік-ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды.
Инфрақұрылым жағынан да жақсы өзгерістер орын алуда. Өткен жылы Әйтей ауылының Ақжар және Жұмбақтөбе көшелерінде, Үштеректің Қаратау, Қаратал, Ақжайық көшелерінде, Еңбекші елді мекенінің Ш.Қалдаяқов көшелерінде түнгі жарықтандыру бағаналары орнатылды. Осы бағытта жұмыстар биыл да жалғасын тауып, жақын арада Құмарал ауылының Кеңдала көшесінің кіреберісіне жарық орнатылады.
Өткен жылы округке қарасты екі елді мекеннің бірнеше көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Әйтейдегі Ұлытау мен Жамбыл көшелері, Құмаралдағы Ұялы көшесі. Сонымен қатар 2025 жылы «Арай» және «Дархан» саяжайларынан бастап Үштерек ауылының мектебіне дейін тротуар төселді. Айта кетейік, көшені ретке келтіру бойынша осындай жұмыстар биыл да жалғасын табады. Әйтей ауылындағы Аңырақай, Желдісай көшелері, Үштеректегі – Үшбұлақ, Құмаралдағы – Кеңдала, Сауыншыдағы – Гүлдала көшелері орташа жөндеуден өтеді.
Сүйінші жаңалықтардың бірі – Сауыншы ауылының толығымен газбен жабдықталуы. Бұл аудандағы газға қосылмаған жалғыз елді мекен болғандықтан, оның жүзеге асуы күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтажы аяқталған. Тек оны қабылдап алуына қатысты жұмыстары реттелуде. Аталған жоба аясында 15 км 600 метр болатын газ құбыры тартылды.
Ал енді Әйтей ауылдық округінің әлеуетін алдағы уақытта жақсарта түсетін жағымды жайттарға тоқталсақ. Жергілікті халықтың игілігіне берілетін ең маңызды нысанның бірі – 200 адамға арналған Мәдениет үйі. Бұл нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Оның аяқталуы осы жылдың соңына дейін жоспарлануда.
Аталған ауылдық округке қарасты Еңбекші ауылындағы ауызсудың мәселесі де жіті назарға алынған. Оның шешімі «Қаскелең су топтамасы» деп аталатын ауқымды жобамен байланысты. Қазіргі уақытта елді мекенге су ағыны жүретін құбырлар орнатылған. Ары қарай басқа да тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Еңбекші ауылының халқын алаңдататын тағы бір жағдай – электр энергиясының әлсіздігі. Бұл мәселе де назардан тыс қалмаған. Қарасай аудандық электр торабының мәліметінше, бүгінгі таңда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тапсырысы бойынша әуе желілерін қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бұл жоба өтпелі болып табылады және оның мердігер ұйымы анықталған. Жұмыс барысы осы жылдың маусым айында басталса, аяқталуы 2027 жылға жоспарлануда. Аталған жоба аясында ағаш тіректерді темірбетон тіректерге ауыстыру, сондай-ақ ұзындығы 16,5 км өзін-өзі ұстайтын оқшауланған сымды (СИП) тарту қарастырылған. Ал бұл жұмыстар өз кезегінде Еңбекші ауылын электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыра түспек.
Жоғарыда аталған жұмыстарға қатысты ақпараттың анық-қанығы ауыл халқының көтерген арыз-шағымы мен ұсыныс-тілектері айтылғаннан кейін нақтыланды.
Сонымен қатар округ халқы аудан әкімінің есептік кездесуінде жол, қоқыс, түнгі жарықтандыру, заң мен тәртіп, қоғамдағы қауіпсіздік және басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты ой-пікірлерін білдірді. Атап айтар болсақ, Үштерек ауылының ақсақалы Аққайың көшесінде асфальттың жоқтығын алға тартып, оны ретке келтіріп беруін сұрады. Қарияның бұл өтінішін аудан әкімі Жасұлан Естенов назарға алып, әзірге бұл жолға асфальт төсеу жоспарда жоқ екенін түсіндірді. Өйткені алдымен әлеуметтік нысандарға баратын жолдар жөнделіп, одан кейін Аққайың сияқты ауыл ішіндегі көшелерге көңіл бөлінеді. Десе де аудан басшысы ақсақалдың өтінішін ескере отырып, аталған көшеге құм-тас төсеп, тегістеп беруге қолдау көрсететінін айтты. Осыған қатысты жауапты сала өкілдеріне және округ әкімі Жарқын Қатубаевқа тапсырма берді.
Бұл жиында, сондай-ақ учаскелік полицияның жұмысы сынға алынды. Әсіресе, Еңбекші ауылының халқы қоғам тыныштығына алаңдап, инспектордың қызметіне қатысты наразылықтарын білдірді. Бұл шағымды аудан басшысы Жасұлан Естенов назарға алып, аудандағы жергілікті полиция қызметінің басшысына міндеттер жүктеп, бұл жағдайды бақылауға алуын міндеттеді.
Учаскелік полицияның жұмысына қатысты пікір білдіргендердің қатарында Еңбекші елді мекенінің тұрғыны, ақсақалдар алқасының мүшесі Ақжолтай Жолдасбаева да болды. Ауыл тұрғыны бір емес, бірнеше мәселені көтерді. Алдымен ауыл ішінде мопедті тізгіндеген жастардың жүрісіне шағымданып, одан кейін ұрлық-қарлық қадағаланбайтынын айтты. Сонымен қатар Еңбекші ауылында электр энергиясының тұрақсыздығына наразылығын білдірді. Ал аудан әкімі аталған жағдайлардың бәріне мән беріп, осыған қатысты сала қызмектерлері жауап беруін талап етіп, округ әкімінің жұмысын сынға алды. Полиция өкілдерінің айтуынша, мопед айдайтындар үнемі бақылауда, алайда балалардың тәрбиесіне ата-аналар да мән берсе деген өтініштерін білдірді. Ұрлық бойынша ешқандай талап-арыз түспегендіктен, заңды түрде қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екенін түсіндірді. Электр энергияға қатысты айтар болсақ, оның шешімі жоғарыда атап өткендей, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тапсырысы бойынша әуе желілерін қайта жаңғыртумен байланысты. Ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Осындай жайттардың бәрі бұл жиында бірінен кейін бірі айтылып, тұрғындар тарапынан талқыға түсті. Әр салаға қатысты сұрақтарға аудан әкімі Жасұлан Естенов жан-жақты жауап беріп, әрбірін ескеріп, мәселелерге қатысты тиісті бөлім басшыларына және округ әкіміне міндеттер жүктеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
