Еңбегімен ер сыйлы демекші, бүгінде Қарасай жерінде жауапкершілігі жоғары қиын салада еңбек етіп, қажырлы жұмысымен елге пайдасын тигізіп, балаларын жетілдіріп, өзгелерге үлгі етерліктей жандар жетерлік. Солардың бірі – саналы ғұмырының жарты ғасырын жол саласына арнап, мамандығына адалдық танытқан қарасайлық Қазбек Жанысбаев. Жасы жетпіске таяса да бүгінде ол «Қаскелең автопаркі» ЖШС-де автотізбектің басшысы ретінде қажымай еңбек етіп жүр. Көп жылдық табанды жұмысының арқасында табысқа жетіп, жоғары кәсібилігімен әріптестерінің арасында ерекше сый-құрметке бөленуде.
Газетіміздің осы санында Мемлекет басшысы жариялаған биылғы Жұмысшы мамандықтар жылын негізге ала отырып, осы саланың нағыз маманы, еңбекқор Қазбек Жұмаханұлы жайлы сөз етіп, оның өмірі мен еңбек жолына тоқталуды жөн санадық.
Кез келген істің ебін таба білетін Қазбек ағамыз – Қарасай ауданының тұрғыны. 1957 жылы осы ауданға қарасты Ұмтыл ауылдық округіндегі Жалпақсай ауылында дүниеге келген. Ауылда өскен соң ба, әлде қарапайым көп балалы отбасынан шыққан соң ба ол жастайынан бойына еңбекқорлық қасиетін сіңіріп өскен. Өзгелермен бірге совхозда жұмыс істеп, 8 баланы жалғыз тәрбиелеген анасы – Қазбек ағамыздың үлгі тұтар ардақтысы. Ол анасының табандылығын көріп өсіп, бала кезінен еңбекке ерте араласудың мәнін жақсы түсінген.
Көптеген ер балалар секілді техникаға аса қызығушылық танытқандықтан, 1975 жылы округтегі Алмалықбақ орта мектебін тәмамдаған соң «ОПХ КИЗа» совхозына жұмысқа орналасып, ауылшаруашылықта қолданылатын трактор, комбайн секілді ауыр машиналарды жүргізген.
– Қасымдағы өзге балалар секілді мен де жастайымнан техникаларға қызығатынмын. Әр көлік бізге «мерседес» секілді көрінетін. 9-10 сыныпта еңбек сабақтарында трактор айдауды үйрене бастағанда машинаға деген қызығушылығым тек өсе түсті. Оның үстіне менің балалық шағымда жоғарғы оқу орнына түсіп, диплом алу деген маңызды емес еді. Сондықтан мектепті бітірген соң оқуымды жалғастырғаннан гөрі анама көмекші болуды жөн көріп, 1978 жылы совхозға жұмысқа орналастым. Осында трактор, комбайн секілді ауылшаруашылыққа арналған ауыр техниканы басқарумен айналыстым. Жұмыс оңай болған жоқ, бірақ жастық пен жігер бәрін жеңді десе болады. Сондай-ақ сол кездері қаскелеңдік көлік жүргізушілерге арналған мектепте құны 204 рубль тұратын арнайы алты айлық курстар бар еді. Оның бағасы өте қымбат болғанына қарамастан оқып, жүргізуші куәлігін алдым. Соның арқасында совхозда ауыр техникалармен қатар жеңіл көліктерді де жүргізе бастадым. Кейін совхоз Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен біріктірілді. Осылайша менің жұмысым да сол жаққа ауысты. Біраз жыл институтта жүргізуші болып қызмет еттім, – дейді ағамыз.
Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жұмыс орнын ауыстыруды жөн санап, 1993 жылы аудандағы Қаскелең автопаркіне жүргізушісі болып орналасқан. Ауыр техникалардан кейін қоғамдық көліктің рөліне отырған Қазбек ағамыз алғашқы кездері қалааралық рейстерге шығып жүрген. Венгриялық «Ikarus» автобусын тізгіндеп, адамдарды Тараз, Талдықорған, Ыстықкөл, Бішкек секілді қалаларға тасымалдаған. 1994 жылдары Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімжіге жол жүре бастаған. Әрине, мекеменің жеке жүргізуші болып жүріп қоғамдық көлікке ауысу оңай болмаған. Десе де ешқашан қиындықтан қашпаған ағамыз біліктілік пен сабырлы мінезінің арқасында бұл жұмысты да бағындара білген.
– Қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысының күрделілігі мен жауапкершілігін жеткізіп айту қиын. Оның үстіне қай қызметте болсын адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Өйткені олардың мінезі әртүрлі және сол кездегі көңіл-күйіне де назар аудару керек. Бірі рақмет айтып, сәтті күн тілесе, енді бірі шу шығарып, сөзге келуге дайын-ақ тұрады. Мұндайда бастысы сабырлық таныту қажет. Әркіммен ұрысудың қажеттілігі жоқ. Тек шыдамды болған дұрыс. Жүре келе барлығын меңгересін, – деді Қазбек Жұмаханұлы.
30 жылдан астам уақыт бір мекемеде табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Қазбек ағамыз өзіне тапсырылған істі тиянақты аяқтап, тындырымдылығымен көзге түсіп, 2011 жылы маршрут бригадирі болды. Кейін араға жеті жыл салып, 2018 жылы «Қаскелең автопаркі» ЖШС автотізбегінің басшысы қызметіне тағайындалды.
Бүгінде оның қол астында 100 жұмысшы бар. Қазбек ағамыз таңғы сағат төртте жұмысқа келіп, жолға шығатын автобустар мен жүргізушілердің жағдайын тексеріп, олардың белгіленген маршруттарға кеткенін бақылайды. Сондай-ақ белгілі бір себептермен жүргізуші жұмысқа шыға алмай қалса, оны алмастыратын адамды іздейді. Одан қалса тұрғындар тарапынан түскен шағымдармен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, автотізбек басшысының жұмысы қиындығы мен жауапкершілігі жоғары қызмет.
Саналы ғұмырының 50 жылын сүйікті мамандығына арнаған кәсіби маманның еңбегі ешқашан елеусіз қалмаған. Талай рет марапат төрінен көрінген. Мекеме және аудан басшылары тарапынан берілген марапаттары, Алғыс хаттары – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.
– Жалпы мен бала кезімнен жұмыс істеуден қашып немесе оған немқұрайлықпен қарайтын адам емеспін. Себебі бізді жастайымыздан үлкен жетістікке тек адал еңбектің арқасында ғана жетуге болады деп өсірген. Сондықтан ешқандай жұмыстан арланып, бас тартқан емеспін. Ең бастысы, ешкімнің ала жібін аттамай адал еңбек етуді ғана ойладым. Өз өмірімді көлікпен, жолмен байланыстырғаныма еш ұялмаймын да, өкінбеймін де. Мен өз ісіммен мақтанамын. Менің ойымша, қай салада қызмет етсең де көптеген қиындықтармен кезігесін. Барлығына тек төзімділікпен қарап, шыдамдылық таныта білу керек.
Ал ұзақ жылдар бойы жұмыс орнын ауыстырмай, тұрақты бір жерде еңбек ету қате деп ойламаймын. Ол үшін адамның бойында үлкен табандылық болу қажет. Адам тұрақты болған дұрыс.
30 жылдын ішінде «Қаскелең автопаркі» ЖШС мен үшін маңызды орындардың біріне айналды. Оның қабырғасы менің өмірімдегі көптеген қуанышты, қайғылы сәттерімді көрді. Бұл жерде әрқашан еңбегімді елеп-ескеріп жүретін басшымыз Дәулет Жандыбаевқа деген ризашылығым шексіз, – деді сөз соныңда кейіпкеріміз.
Әрдайым қарапайым-дылығымен дараланатын еңбек адамы – отбасында аяулы жар, ардақты әке. Адам ұрпағымен мың жасайды демекші, Құдай қосқан қосағы Нұрилә тәтемізбен 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, орнықты отбасының отағасына айналған. Табан ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын жинап, балаларының жоғары білім алуына мүмкіндік жасаған. Соның арқасында шаңырақтың үлкені ұлдары Әсет – бүгінде Алматы қаласында орналасқан жеке компанияда заңгер. Қыздары Әсема – 3 баланы тәрбиелеп отырған ана. Кенже ұлдары Тенгиз – медициналық құрылғыларды тасымалдайтын компания қызметкері. Ал олардан тараған немерелер Құдай қосқан жұптың қолғанатына айналған.
Иә, шын мәнінде, осы мақаланың арқауы болған кейіпкеріміз Қазбек Жұмаханұлына өз ісінің нағыз маманы қарапайым, бірақ қажырлы еңбегімен ауданның дамуына үлес қосып жүрген азамат. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзіп, нәпақасын маңдай термен тауып жүрген оның өмір жолы көпке үлгі.
Сондықтан да, құрметті Қазбек ағамызға тек жақсылық пен сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.