Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен пресс-тур өтті. Оған БАҚ өкілдері, блогерлер, Астана, Алматы және Жетісу өңірінен жиналған қонақтар қатысты. Сапарлары облыстағы тарихи нысандарға арналған ақпараттық тур Жаркент қаласындағы Жаркент мешітіне де барды.
Жаркент мешіті қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат. Оның салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтті. Сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған.
Көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Келбетіне сұқтанған қонақтарды мешіттің құрылу тарихы қызықтырды. Аспан асты елінің мәдениетінен сыр шертетін сәулет туындысының артында қытай сәулетшісі тұрғаны белгілі болды. Будда ғибадатханасының кей элементтерін пайдалана отырып, қытай сәулет өнерінің үлгісінде мұсылман мешітін тұрғызу Хон Пик есімді шебердің жетекшілігімен жүргізілді.
«Жалпы, мешіттің құрылысына байланысты аңызға келетін болсақ, мешіт 1887-1892 жылдар аралығында медресе ретінде жергілікті тұрғындар қаражатына салынған болатын. Осылайша, бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен бойына бірнеше елдің мәдениетін біріктірген мешіт құрылысы басталып кеткен. Халық арасындағы аңызға сенсек, бұл шебер өз отанында қытай үлгісінде мешіт тұрғызуды армандаған екен. Алайда, жергілікті билік оның бұл қалауына қатаң тыйым салған. Осыдан кейін ол өз арманын қазақ жерінде жүзеге асыруды ойлайды. Іздегені алдынан табылғанына қуанған сәулетші бұл мешітті тегін салып беруге келіседі. Тарихқа сүйенсек, Хон Пик өз еліне оралғанда қытай сәулет өнерінің құпиясын ашып, қазақ жерінде бірегей құрылыс нысанын тұрғызғаны үшін өлім жазасына кесілген екен. Жалпы талантты сәулетшінің өміріне қастандық жасағысы келетіндер көп болған. Оның Жаркент халқын паналап келуінің бірден-бір себебі осы еді», — дейді экскурсия жетекшісі.
Мешіт құрылысының өн бойынан шебер шығармашылығының айқын қолтаңбасын көруге болады. Қытайдың сәулет өнерінде ғимараттарды ағаштан тұрғызуға басымдық беретіні белгілі.
Бұл көне ғимараттың жалпақ жұртты таң қалдырған басты ерекшелігі — оның бірде-бір шеге қолданбай салынуында. Яғни, сәулетші бөренелерді қиюластыру әдісін пайдаланған. Көзіңді бірден арбайтын қайқы шатырлардың қапталдарынан, сан түрлі бояуы үйлескен қабырғалардан ежелгі араб-парсы жазуларын да көруге болады. Ал, кіре берістегі алып қақпаның безендірілуі Орта Азияның сәулет өнерінен сыр шертеді.
Ғасырларды артқа тастаған көркем сәулет өнерінің асыл мұрасы бүгінгі күнге бәз қалпында жетті. Қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін көне жәдігер тарихтан сыр шертетін мәдени мұражайға айналды. Мұнда өнер туындысын тамашалауға келген келушілердің барлығы бірегей ғимарат құрылысына тәнті болып қайтады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.