Жамбыл ауданында 2027 жылға дейін 4 инвестициялық жоба жүзеге асады. Жалпы ауданға тартылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 90 млрд теңге шамасында. Нәтижесінде 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ұзынағашта өткізген баспасөз мәслихатында аудан әкімі Нұрлан Ертас осылай деді.
Аудан басшысының айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша бұл аймақта барлық қажетті жағдайлар жасалған. Осы мақсатта өндірістік кәсіпорындарға инвестиция салу бойынша негізгі капиталға тартылған қаражат көлемі – 7 млрд теңге. Оның ішінде «BELES AGRO KZ» ЖШС-нің бройлер құс фабрикасы, алтын өндіруші «Арсенал» ЖШС, «Алатау» ЖШС тігін фабрикасы және «ALFA ORGANICS» ЖШС-нің органоминералды тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларын өңдейтін зауыты бар. Бұлардың алды бүгінде жүзеге асырыла бастады.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 13 мың 275 субъект тіркелген. Аймақтың негізгі дамушы күші бұрыннан ауыл шаруашылығы болып келеді. Аграрлық салада 3780 нысан жұмыс істейді. Осыған орай, ауданда көзделген жобалардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу болып отыр.
Аудан халқының саны жылдан-жылға артып келеді. Осыған байланысты тұрғындардың сұранысы бойынша Ұзынағаш ауылында жалпы құны 3 млрд 211 млн теңгені құрайтын, бір ауысымда 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана салуға бюджеттен қаражат қарастырылды. Аталған әлеуметтік нысанның құрылысына 1,4 млрд теңге бөлініп, жұмыстары басталды.
Мұнда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын кезең-кезеңімен сапалы іске асыруға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға айрықша басымдық берілген.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы.