Қай саланың болмасын қиындығы мен қызығы қатар жүретіні мәлім. Сол секілді өз ісіне аса төзіммен, шыдамдылықпен қарап, ақ халатты дәрігерлермен бірге тығыз жұмыс істеп, науқастарға көмек көрсететін медбике қызметінің де ауыртпалығы аз емес. Ол қандай дерт болмасын дәрігерлердің сенімді серігі болып науқасты емдеуге бар күш-жігерін салады. Онымен қоса сырқат адамның ауруханаға түскен сәтінен бастап, оның жазылып, аяғына тұрып кеткеніне дейін жанында жүріп, көмек көрсетеді. Тіпті, қажет кезде жұмысын жан сақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді күні-түні күзетумен өткізеді.
Алда келе жатқан медицина қызметкерлерінің күніне орай, оқырмандарымызды көптеген жылдар бойы осы салада аянбай еңбек етіп, жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүрген Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының медбикесі Гүлнара Хелаевамен таныстырып өтетін боламыз.
Медицина саласында тер төккеніне 41 жыл уақыт болған мейірбан медбикенің әріптестерінің алдында өзіндік беделі бар. Жылы жүректі жан – көптеген адамдардың дертінен айығып шығуына ғана емес, сондай-ақ көптеген жастармен тәжірибесін бөлісіп, олардың кәсіби маман болып өсуіне үлесін қосып келе жатқан маман.
Гүлнара Пашаевна Қарасай жерінің орталығы Қаскелең қаласында 1963 жылы бүгінде өзі қызмет етіп жүрген аурухананың перзентханасында дүниеге келген. Алты баланы тәрбиелеп өсірген кейіпкеріміздің әке-шешесі ұзақ жылдар «Ленинский» совхозында жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шыққан. Табандылықтары үшін «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, Қаскелең қаласының Құрметті азаматтары атанған.
Бүгінде немере мен шөберелерінің қызығын көріп отырған олар кішкентайынан медицина саласында жұмыс істеуді армандаған қыздары Гүлнараның ойын қолдаған. Сөйтіп, Гүлнара ханым Қаскелеңде орналасқан А.Пушкин атындағы орта мектепті тәмамдаған соң бір жылдай санитар болып қызмет еткен. Аталған саламен жақынырақ танысып, өзін нақты осында көргісі келетіндігін түсінген соң, таңдаған жолынан тайынбауға бел буған. Алдына үлкен өмірлік мақсат, биік меже қойған кейіпкеріміз көршілес жатқан Қырғызстан Республикасындағы Фрунзе атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді медицина училищесіне оқуға түсіп, 1984 жылы оны ойдағыдай бітіріп шыққан.
Білікті мейірбикенің еңбек жолы Қарасай ауданының орталық ауруханасында басталды. Алдымен ол бір жылдай учаскелік медбике болып қызмет еткен. Кейіннен өз ісін тиянақты, барынша тындырымды атқаратын жас маман жалықпай аға әріптестерінен тәжірибе алмасып, емдеу бөлмесінен екпе салу бөлмесіне ауысып, 13 жылдай науқастарға түрлі дәрі-дәрмектер мен вакцина салумен айналысқан. Кейін 12 жыл бойы процедуралық кабинетте жұмыс істеді. Сол уақыттың ішінде оның қолынан қарасайлықтардың бірнеше ұрпағы ем алып үлгерген.
– Әрине, бастапқы кездері оңай болған жоқ, – деп естеліктерімен бөлісуде Гүлнара Хелаева. – Жалпы медбике жұмысы оңай емес қой. Бұл мамандықты шын ниетпен таңдау керек. Себебі кейбір кезде аурудың кесірінен айналасындағылардың әр сөзіне және қимылына ашушандықпен қарайтын науқаспен тіл табысып, оған көмек көрсету, дертке дауа табатын дәрігердің сенімді серігі болу үшін ерік-жігері мықты, қиындыққа шыдамды, мінезге бай адам болу қажет.
Менің жолым болды. Еңбек өтілімімнің басында маған көптеген жақсы әрі тәжірибелі мамандар кездесті. Олардың қатарында Надежда Федоровна, сол жылдары бас медбике қызметін атқарған Бижамал Шакижанқызы, аудандық емхананы басқарған Фарида Закировна, бүгіннің өзінде ауруханада қызмет етіп келе жатқан Нарания Закировна және тағы да басқа көптеген өз ісінің нағыз мамандары болды. Олардың арқасында мол тәжірибе жинақтап, медбике саласының қыр-сырына тереңірек үніліп, кәсіби маман бола алдым. Сондықтан осы адамдарға менің айтар алғысым шексіз. Алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, денсаулық, бақыт, амандық тілеймін.
Гүлнара Хелаева біраз уақыт өткен соң күндізгі стационарға бас мейірбике болып барған. Алайда денсаулығы сыр бере бастап, еңбекке жарамсыздық туралы анықтама беретін бөлімге ауыстырылған. Бүгінде ол осы кабинетте медбике қызметін абыроймен атқарып отыр.
– Көбінесе медбике қызметі аса қиын жұмыс тәрізді көрінбеуі мүмкін. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Тамыр мен бұлшық етті дәл тауып, науқастың денесін жарақаттамай ине салудың өзіне үлкен ептілік керек. Әрине, стресті жағдайлар болып тұрады, мұндайда отбасымның, әріптестерімнің қолдауы көмектеседі. Осыншама уақыт аралағында ұжымым отбасымдай болып кетті. Кез келген сәтте бірімізге-біріміз барынша қолдау білдіріп, тәжірибемізбен бөлісіп, қол ұшын береміз. Сондай-ақ басшылық тарапынан да барынша көмек көрсетіледі.
Өзім бұл салада жүріп талай адамның алғысына бөлендім. Аллаға шүкір, еш өкінішім жоқ. Қанша дегенмен дәрігер емес, медбике болу бала күнгі арманым болды ғой. Міне, сондықтан да өмірімнің 40 жылдан астам уақытын осы іске арнап келемін.
Алла тағала өмірімді қайта сүріп өтуге мүмкіндік берсе, ойланбастан тағы да медбике қызметін таңдар едім. Қазірдің өзіңде мен өзімді бұл жұмыссыз елестете алмаймын, – дейді кейіпкеріміз әңгіме барысында.
Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді. Осы ретте бала күнінен жаны жабырқағанға қол созып, қамқор болуды санасына тоқып өскен Гүлнара әпкеміз мамандық таңдаудан жаңылыспағанын нақты айтуымызға болады. Тіпті, құрметті демалысқа шықса да бүгінде ол жұмысын әрі қарай жалғастырып келеді. Басшылығы оған бұл мүмкіндікті тәжірибесіне сенгендіктен, жұмысына деген сүйіспеншілігін көргендіктен беріп отыр.
Дәрігерлік қызметінде үнемі емделушілердің ризашылығына бөленіп жүрген өз ісінің маманы талай рет түрлі марапаттармен құрметтелген. Әсіресе, өзі істеп жүрген аурухана басшылығы, жергілікті әкімдік пен денсаулық басқармасы тарапынан Алғыс хаттар алған. Өткен жылдың өзінде ғана Гүлнара Пашаевна «Мамандыққа адалдығы үшін» төсбелгісімен марапатталған. Бұл – оның медицина саласындағы үздіксіз еңбегі мен табандылығының, қоғам алдындағы зор еңбегінің айғағы.
Жас мамандар үшін білікті мейірбикенің әр сөзі тағылымға толы, тәжірибесі теңіздей терең. Білгенін бөлісіп, білмегенін үйретуден жалықпайтын Гүлнара сияқты мамандық майталмандары медицина саласына әлі де қажет. Сондықтан ол әріптестеріне жылдар өтсе де, көңіл қартаймауы керектігін үнемі айтып отырады.
Кейіпкеріміздің жеке өмірі туралы айтатын болсақ, Гүлнара Хелаева Құдай қосқан қосағы Равшан Хелаевпен бірге Фарид, Айдан, Амит есімді үш баланы тәрбиелеп, ер жеткізіп, олардан тараған алты немеренің қызығын көріп отырған ардақты жан, аяулы әже. Балалары бүгінде берекесі мен мерекесі мол орнықты отбасын құрған. Екі ұлының жақсы жұмыстары бар, яғни, өмірден өз орындарын тапқан. Қызы – төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалала аяулы ана.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді келе жатқан кәсіби мереке – Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтап, денсаулық пен күш-жігер, атқарып жатқан жұмыстары табысты да сәтті болсын деп тілеймін! Өміріміз тек жағымды эмоциялар мен қуанышты оқиғаларға толы болсын, – деді әңгімеміздің соңында Гүлнара Пашаевна.
Иә, осы жексенбіде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Осы ретте біз де өз тарапымыздан айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытып, қолынан келген көмегін аянып қалмайтын кейіпкерімізді кәсіби мерекесімен шын ниетпен құттықтап, алдағы уақытта тек табысқа кенеле беруін тілейміз!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ