Ақ басты алып Алатау алабында жатқан Жамбыл ауданы, көпшілік арасында жиі атап айтылатындай, батырлар мен ақындар елі. Осыған біз өзімізше бұл аймақтан шыққан әкімдер де аз емес деп қосар едік. Бұл да бір талай ұлыларды, тұғыры биік тұлғаларды дүниеге әкелген қасиет қонған өңірдің өзіндік өрнекті жол-жобасын көрсетсе керек.
Жалпы, жұртты басқару еш уақытта да оңай болмаған. Мұндай үлкен іске тәуекел етіп алдымен халықтың мүддесін орнықты ойлайтын, адамдардың үмітін ақтауға тынбай тырысатын, ортақ жұмыстың орайын табуға ұдайы ұмтылатын, әрі, әрине, осындай сын-сипатымен жоғарыда тұрған басшылардың сеніміне ие болғандар ғана бара алады десек, қателесе қоймаспыз.
Махаббат Бигелдиев те, міне, әманда осындай деңгейден табылып жүрген ардақты азамат.
Ол 1961 жылдың көгілдір көктемінде, яғни, наурыз айында мына ғажап дүние есігін еркелей ашқан еді. Жас шағынан тау етегіндегі Қарақыстақтың қара баласы бәрін көрсем, білсем, жетсем, атқарсам, жасасам деп өсті. Алғыр, өжет, мақсатшыл, жігерлі болып жетілді. Өйткені, оның бойы текті әулеттен берілген берекелі қасиетке тұнып тұрды. Арғы бабалары мен бергі Бигелді атасының өзі ел-жұртқа игілікті істерімен сыйлы-қадірлі болғанын кішкене кезінен көңіліне қондырып, көкейіне түйді. Ал, өмірден өкінбестей өзінің соны соқпаған тура тауып, адаспастай ақ жолымен арман-аңсарын алға апаруында, әрине, әкесі Сәдуақастың үлкен үлгіге, өрісті өнегеге толы еңбегі ерекше дегеніміз жөн. Айсұлу анасынан алған адамдық тәлім-тәрбиесін ештеңеге де айырбастамағаны да анық.
Әкесі марқұм журналист болды. Көп уақыт осы салада жемісті қызмет етіп, ел-жұрттың ортасында жүрді, қоғам жұмысы, халық қажеті десе ішкен асын жерге қоятын әрі әділетсіздікті көрсе төзе алмайтын, ашық айтып, айқын сөйлейтін. Шырылдаған шындықтың жайын қандай ортада болса да жасқанбай жайып салатын. Махаңның бойынан да көрінетін дәл осындай мінез-қалыпты әкеден қалған қасиеттің бірі ме дерсіз…
…Бір кездері Алматы облысында жаңадан Күрті ауданы құрылып, оның біраз уақыт «дүрілдегені» де белгілі. Қарақыстақтың көшесін ой-қиялға батып көп шиырлаған бала енді осындағы орталық – Ақши ауылында орта мектеп бітіріпті. Себебі, әкесі Сәдуақас жас ауданның газетінде қызмет істеп, оның белді, беделді тілшісі атанған.
Арғы алыс жағы адамға құтты мекен, малға мықты өріс болған Сартауқұммен жалғасып жатқан осы Күрті өңірінде Махаббат алғашқы еңбек жолын бастайды. Алдымен құрылыста шеберлікті, совхозда жұмысшылықты атқарған жігерлі жігіт алдына мағыналы мақсат қойып, жоғарғы оқу орнына – Алматы сәулет-құрылыс институтына түседі. Сөйтіп, білдей бір инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады.
Мұнан кейін де бас жағында тау-тасты жарып күркірей ағатын, жазыққа шыққанда жайбарақат мінез танытып сабасына түсетін Күрті өзені жағасындағы еңбегін жақсы жалғастырып, әртүрлі қызмет істейді, жай істемейді, елді де, басшыларды да риза ететін дәрежеде істейді. Мұндай жұмысқа мығым, іскер, сөзге берік, талапшыл, жаңашыл, бастамашыл, өткір де батыл маманның көзге тез ілінетіні де рас қой. Сөйтіп, көп ұзамай ауданның бас сәулетшісі атанып шыға келді.
Ары қарай да осы жерде, сондай-ақ, Талғар ауданы мен Алматы қаласында өзіне ұсынылған сан алуан жауапты қызметтерді білгірлікпен атқарып, мол тәжірибе жинақтайды, тірлік-тіршіліктің мәні мен халыққа жағдай жасаудың маңызын тереңірек түсіне түседі. Олардың ішінде ауылдық округтің әкімі, аудандық, облыстық жылу жүйелерінің басшысы, тіпті, облыстық сәулет-құрылыс бақылау бөлімінің жетекшісі сияқты қызметтер де бар еді.
Бұдан кейінгі еңбек жолына үңілер болсақ, 2005-2007 жылдарда алдымен Жамбыл, онан соң Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, 2009 жылғы мамыр-қыркүйек айларында облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін атқарған. Сонымен қатар, 2009-2011 жылдар аралығында Жамбыл ауданының әкімі, 2011 жылғы сәуірден 2012 жылғы қаңтарға дейін Талдықорған қаласының әкімі, мұнан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары, Панфилов ауданының және Жамбыл ауданының әкімі ал, 2014-2016 жылдар аралығында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары болып, өзі қызмет еткен жерлерде тек қана игілікті істерімен танылып, артына қашанда жақсы атын қалдырды.
Ал, келесі кезекте өзі бұдан бұрын да іркілмей жұмыс істеп кеткен қазыналы Қарасай ауданын байыпты басқарып, осы аймақтың да алға басып, ілгерілей түсуіне үлкен үлесін қосты. Талай жерде жинақтаған тәжірибесімен, білім-білігімен, сондай-ақ, ұлы Абай айтқандай, «ақылы мен еңбегі екі жақтап» осынау ел көлемінде ерекше орны бар өлкені одан әрі өрге бастыру жолында ақылмен әрекет етті, аянбай тер төкті. Оның бәрін санамалап айтып шығудың қажеті шамалы, барлығы да халықтың есінде, жұрттың жадында. Бұл жерден соң Кербұлақ ауданын басқарып, ол жаққа да еңбегін сіңірді.
Махаңның өнер мен мәдениетке, әрине, өлеңге де өзгеше жақындығының өзінен де жанға жағар жақсы ой түйе аласыз. Мәселен, әкім болған аймақтарда осы салаларға айрықша көңіл бөліп, әрбір адам үшін рухани жағынан биік тұру тура да тұғырлы іс екенін де жан-тәнімен түйсінгендіктен, әр-әр ауданда «Талдықорған әуендері», «Үшқоңыр», «Жаркент сазы», «Күреңбел сазы» сияқты ансамбльдердің құрылуына күш салды, олардың жолдарын ақ ниетімен ашып берді. Өз ауданы – Жамбылдағы әйгілі «Құлансаз» ансамблінің қайта жаңғыруына да үлесін қосты.
Махаббат Сәдуақасұлы өнер адамдары мен ақын-жазушылардың ортасында өзін суда жүзген балықтай сезінеді десек, артық емес. Өйткені, ол ақынжанды, айрықша сезімтал, сұлулықты, әдемілікті сүйетін жан. Қазақтың талай қаламгерімен достық қарым-қатынаста. Әдебиет әлемінде шырайлы шығармалар тудырған жазу-сызудың адамдарын қолынан келсе әрдайым қолдап жіберуден аянбайды. Мұнын бір дәлелі – досы, қазақтың тамаша ақыны, марқұм Есенқұл Жақыпбековке көп көмектесті, ол өмірден өткен соң әдемі безендірілген, ішінде бәріміздің де жүрегімізді теңіздей тербейтін жауһар жыры мол, өлеңдер жинағын шығарды.
Сол сияқты талай әуезді аса танымал әндердің авторы, композиторлар Бауыржан Есебаевпен және Бағлан Омаровпен шығармашылық берік байланысы да жемісті.
* * *
Үлкендерден ескі сөзді көп естіп, титтейінен ақылгөй қариялардың айтқанын құлағына құйып өскен, әкесінің өсиеттерін жадына түйіп өскен, өзінің де Алла берген ақыл-парасаты жетіп артылатын Махаң бір нәрсе айтса, жеріне жеткізіп айтады, әлдебір мәселеге байланысты әңгімені әбден әсерлеп баяндай біледі.
Қалжындап отырып-ақ, қатырады, әзілдескенде езуіңді жия алмай қаласың. Бұған бірнеше рет өткізген жиналыстарына, жоспарлау кеңесіне қатысқанда көзіміз жеткен.
Жұмыста кемшілік жібергендерге олардың олқылықтарын бәрін де аудара қарап, ақтара тексеріп, тіпті, бейнелеп, бедерлеп мақтамен бауыздағандай етіп айтып бергенде, әлгілер «сөз соққыдан» аузын аша алмай сілейіп тұрып қалады, дымдары құрып, бастарын қайта-қайта шұлғып, бәрін мақұлдай береді… Сол сәттен-ақ қателігін түзету үшін тұра шабады… Мұны тегінде өткір сөздің құдіреті, шешендіктің белгісі деуге болар.
…Қарасайға әкім болып келгеннен кейін көп ұзамай ол кісі аудандық «Заман жаршысы» газеті редакциясының ғимаратына өзі келіп, журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Тілшілердің отырған жерін көзімен көріп, жағдайларын білді. Сонда ауданның жай-күйін, алдағы мақсатын, тіпті, әзіл-қалжыңын да айтқаны есімізде.
Бүгінде Махаң «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының директорлығы қызметінде. Бұл жұмыс та іскер, ілкімді, кең ойлап, кесек кесетін ол үшін оңтайынан, оң жамбасынан келетіні даусыз. Себебі, қазақ жеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді жөндеу мен реставрациялауды, қорғауды, солар жөнінде ғылыми-зерттеу бағытындағы істерді ұйымдастыру да аса маңызды. Бұл да егемен елімізге ерекше қажет.
* * *
Сонымен, сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Махаббат Бигелдиев – қазаққа мәлім нағыз ұлтжанды азамат. Қай жерде қызмет етсе де, қандай іс болсын, оған ең алдымен елдік мүдде тұрғысынан келіп, бәрін де кең пішіп, кеңінен ойлайды. Халықтың жай-жайына жіті көңіл бөліп, оның қолайына жағатын көп жұмыс атқарады. Өнер мен мәдениеттің жоғын жоқтап, барын түгендеп, руханиятқа айрықша назар аударады.
Сонысымен де жұртқа жақты, көпшіліктің сый-құрметіне бөленді, сонысымен де аты шықты, абыройы артты.
Сол батыр тұлғалы, жаны жомарт, жүрегі кең, қайырымы мол, қарапайым, кішіпейіл Махаң 60 атты асудың асқар биігіне көтеріліпті. Біз кезінде Қарасай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қарасай ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарған аса құрметті де ардақты Махаббат Сәдуақасұлын осы мерейтойымен шын жүректен құттықтап, мына жарық дүниедегі барлық жақсылықты тілейміз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.