Жыл сайын отбасы ішіндегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер саны артып келеді. Әлем елдерінде белең алған бұл мәселе кейінгі жылдары біздің елімізде де өзекті болып барады. Отандық ақпараттық құралдарында күннен-күнге отбасындағы ұрыс-керістің кесірінен жағымсыз жайтқа тап болғандар жиілеп кеткендігі туралы көптеп жаңалықтар шығуда. Қоғамды алаңдатқан мәселені шешу мақсатында мемлекет тарапынан нақты шаралар қолға алынды. Елімізде отбасылық-демографиялық саясаттың жүзеге асып жатқанының бір дәлелі ретінде 2023 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға құқықтық, психологиялық көмек және әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық аймақтарда біртіндеп ашылып жатқан отбасын қолдау орталықтарын айтуға болады. Мұндай мекеме Қарасай ауданының аумағында да 2024 жылдан бері жұмысын жүргізуде.
Қаскелең қаласында орналасқан отбасын қолдау орталығына жүгінетіндерге ақпараттық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау, жұмысқа орналасу, кәсіптік оқытудан өту, біліктілігін арттыруға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ кепілдендірілген тегін медициналық көмек, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңестер алуға, бір айға уақытша баспаналы болуға да жәрдем беріледі. Ашылғанына аз уақыт болғанымен, орталықтан біраз аудан тұрғындары көмек алып үлгерген.
Аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы Елена Константинованың айтуынша, Қарасай ауданы әкімінің 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен жаңартылған мобильді жедел топтың құрамы жасақталды. Оның құрамына денсаулық сақтау, білім беру, жергілікті өзін-өзі басқару, бақылаушы органдар мен полициядан 540 қызметкер кірді.
Мобильді топ «FSM Social» платформасында жұмыс істейді. Аталған платформаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қиын өмірлік жағдайға тап болған, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары болған отбасыларды қолдау үшін әзірлеген. Қазіргі уақытта «FSM Social»-ға отбасы ішінде орын алған түрлі мәселенің құрбандарына қатысты 304 дабыл енгізілген.
– «Мобильді топ мүшелері бүкіл ауданды қамтиды. Мәселен, Бекболат ауылында қолдауды қажет ететін отбасы тұрса, оларға сол жерде тұратын мобильді топ мүшелері қызмет көрсетеді.
Бұл ретте орталық қызметкерлері отбасымен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Осы мақсатта аудандағы көптеген білім ошақтарында, соның ішінде мектептер мен колледждерде ата-аналармен, оқушылармен кездесулер өткізіліп, жоғары сынып оқушыларына психологиялық тренингтер өткізеді», – дейді Елена Владимировна.
Аталған орталық кейс-менеджмент әдісі арқылы жұмыс істейді, яғни олар мәселелерді кезең-кезеңімен шешеді. Кейс-менеджментке жағдайды бағалау, жоспарлау, үйлестіру және қызмет көрсету кіреді. Сондай-ақ әлеуметтік, психологиялық, құқықтық, ақпараттық және консультациялық қызметтерді қоса алғанда, әртүрлі көмек түрлерін бір жүйеге біріктіреді.
Кейс-менеджменттің бірінші қадамы көмекке мұқтаж отбасыларды анықтау болып табылады. Яғни осындай отбасылармен жұмыс істейтін медбикелер, білім беру ұйымдарының өкілдері немесе ювеналды полиция қызметкерлерінен қажетті ақпаратты жинақтайды. Екінші кезеңде орталық қызметкерлері үйлерді араласа, үшінші кезеңде отбасының жағдайын бағалап, оларға қажетті қолдаудың нақты түрлерін анықтайды. Қаржылай көмек қажет болған жағдайда түрлі қоғамдық қорлармен байланысады. Төртінші қадамда отбасына қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектесу үшін жеке жұмыс жоспары әзірленеді, ал бесінші кезеңде жеке оңалту бағдарламасы арқылы отбасыға қолдау көрсетіледі. Соңғы қадамда көмек алып жатқан отбасының жағдайы бақылауға алынады.
Елена Константинованың айтуынша, орталық мамандары әртүрлі жағдайлармен айналысады. Кейде отбасының жағдайы күрт жақсарып, кейс-менеджменттің қажеті болмай қалады. Әрине, қиыншылықты өз бетімен жеңе алмайтын отбасылар да бар. Мұндай жағдайларда орталық қызметкерлері оларға алты ай бойы қолдау көрсетеді. Дегенмен, бір отбасының ісі толығымен жабылып, бәрі жақсы болса да, олар біразға дейін бақылауда болады.
Аудандық отбасын қолдау орталығы полиция органдарымен, әсіресе ювеналды полиция бөлімімен және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімімен (тек әйелдермен жұмыс істейтін білім) тығыз жұмыс істейді.
2025 жылы өткізілген іс-шаралар барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған 36 бала анықталды, оның бесеуі білім беру органдарында есепке алынды, үшеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, екеуі балалар үйіне жіберілді, 12-не медициналық-әлеуметтік көмек көрсетілді.
2023 жылы Қонаев қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары деп танылған тұлғалар үшін «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» ашылған еді. Ағымдағы жылдың басынан аталған мекемеге Қарасай ауданынан 75 адам жіберілді. Оның 24-і – әйел, 51-і – бала.
Ал қыркүйек айының соңғы күндеріндегі жағдай бойынша орталықта жеті әйел және сегіз бала көмек алып жатса, оның алтауы Қарасай ауданының тұрғындары.
Отбасын қолдау орталығы әйелдерге дағдарыс орталығынан шыққаннан кейін де қолдау көрсетеді. Жақында сегіз баласы бар, үшеуі мектептен тыс қалған отбасы қамқорлыққа алынды. Орталықтың қолдауымен балалар Шамалған ауылындағы мектепке орналастырылды. Сонымен қатар қазір балалардың анасын жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасуда.
Жуырда аталып өткен отбасы күніне орай бірнеше іс-шаралар, соның ішінде «Зияткер» білім беру орталығының көмегімен жұмыссыз әйелдерге арналған оқу сабақтары, Елтай ауылдық округіндегі «Обрайн» балалар орталығының қолдауымен сурет көрмесі ұйымдастырылды. Оған қоса учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен Шамалған ауылындағы Қарасай батыр атындағы мектептің 9 сынып оқушыларымен ақпараттық-профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыс пен бұзақылықтың алдын алуға бығытталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
