Ел болашағын сеніп тапсыру үшін дені сау, білімді, адамгершілігі мол ұрпақты тәрбиелеу жолында Қарасай ауданының білім бөлімі талай бастамаларға себепші болып келеді. Оның ішінде еңбегімен елге танылып, ісімен үлгі бола білген танымал адамдармен кездесулерді атап өтуге болады. Осындай тағылымға толы басқосудың бірі жақында Қаскелең қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп-гимназиясында өтті. «Жетістікке жету жолы: спортшы мен жазушы тәжірибесі» деп аталған шара Қарасай ауданының прокуратурасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Ал бұл кешке құрметті қонақ ретінде жазушы, даңқты боксшы Бекзат Саттарханов жайлы кітаптың авторы Бейбіт Сарыбай, танымал қазақстандық боксшы Садраддин Ахмедов қатысты. Сонымен қатар құрметті меймандардың қатарында аудан прокурорының орынбасары Шыңғыс Оспанов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева болды.
Қадірлі қонақтар алдымен мектеп фойесіндегі спорттық жетістіктер көрмесімен танысты. Кейін оларды аудан мектептерінен келген жас спорт жұлдыздары құрмет көрсетіп, қарсы алды. Негізгі шара мектептің спорт залында өтті. Мұнда 300-ге жуық халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары жиналып, әрбір оқушы жетістіктерін айқындап тұрған медальдарымен ерекшеленіп тұрды.
Бұл кездесудің маңыздылығы жастарды «Заң және тәртіп» қағидатына баулу болғандықтан, аталған шара «Қабырға ар жағындағы балалық шақ» атты шағын бейнематериалмен басталды. Оның басты кейіпкерлері бір кездері шалыс қадам басып, бүгінде кәмелетке толмағандар колониясында жазасын өтеп жүрген жасөспірімдер болды. Олар өздерінің тағдырлы оқиғаларын баяндап, өмірдегі қателіктері үшін өкініштерін білдірді. Бірі – кісі өлтіру, бірі – есірткі тарату ісі үшін сотталған. Барлығы да кезінде «бәрі оңай құтылады» деп ойлағандарын, достарына немесе заңсыз әрекетке итермелеген адамдарға сенгендерін айтты. Алайда, шын мәнінде, оларға тек ата-аналары ғана қажет болғанын кеш түсінген. Тіпті, кейбірі қаржылық қиындықтарын шешу үшін қылмысқа дейін барған. Бірақ ақиқатты еркіндікте жүріп емес, темір торға тоғытылғанда ғана түсінген. Иә, бүгінде сол жас балалардың көбі қарапайым өмірді, бақытты шақты армандайды. Таңертең «Тұр!» деген қатал бұйрықтан емес, анасының мейірімді даусынан оянуды, отбасымен бір дастархан басында отырып әңгімелесуді аңсайды. Бейнетаспа кейіпкерлерінің бірі сөз соңын: «Өмірдегі ең қымбат нәрсе – уақыт. Әр қадамыңды ойланып басу керек», – деп түйіндеді.
Тағылымға толы кездесуде құрметті қонақтар оқушыларға ақыл-кеңестерін айтты. Одан кейін мектеп оқушылары «Бекзат» және «Жетістік» деп топқа бөлініп, викторина сайысында бақ сынады. Мұнда олар спортқа және Бекзат
Саттархановтың өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Сайыс қорытындысы бойынша екі топқа ортақ жеңіс беріліп, барлық қатысушыға Бейбіт Сарыбайдың кітабы сыйға тартылды.
Осы ретте оқырманға ақпарат ретінде айта кету керек, «Бекзат. Шаршы алаңдағы тыс өмір» кітабы – жазушы Бейбіт Сарыбайдың былтыр жарық көрген жаңа туындысы. Роман деп айдар тағылған бұл шығармада бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың жарқ еткен жасын ғұмырын сипатталады. Автордың айтуынша, кітапта Бекзаттың чемпион болғанға дейінгі өмірі, балалық және жастық шағы, арман-мұраты суреттелген. Естеріңізде болса, Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимпиада чемпионы атанған. Ол Түркістан қаласында дүниеге келіп, бокспен 5 жыл айналысты. Осы уақыт аралығында ол жастар арасында ел чемпионатында топ жарып, 1998 жылы Аргентинада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ал ересектер арасында 1999 жылы Ташкентте Азия біріншілігінің финалына шығып, екінші орынға тұрақтады. Бұл сында марқұм боксшы Сидней Олимпиадасының жолдамасын иеленген болатын. Өкінішке қарай, Сидней Олимпиадасында топ жарған боксшы арада тура үш ай уақыт өткенде жол апатынан қаза тапты.
Иә, әңгіме арқауы бокс спортына арналған бұл шарамыз ашық пікір алмасуға жалғасты. Оның тізгінін аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы алды.
Сауалдардың көбі танымал боксшы Садриддин Ахмедовке қойылды. Ал ол өзінің өмір жолы мен ұстанымдары туралы айтып, боксқа 10 жасында келіп, алғашқы қызығушылығы ағасының оны жекпе-жек көруге апаруынан басталғанын баяндап берді. Садрадиннің өміріндегі ең қиын кезеңдерінің бірі – 2016 жылы Санкт-Петербургте өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты. Ол 14 күн ішінде алты жекпе-жек өткізіп, соңында финалда жеңіске жеткен екен.
Боксшының айтуынша, адам болып қалыптасу үшін тек спортпен айналысу жеткіліксіз. Ең бастысы, білім мен мықты мінез қажет. Әйтпесе, адам теріс жолға түсіп кетуі мүмкін. Оның мұндай орамды ойын жазушы Бейбіт Сарыбай да
қолдап, Бекзат Саттарханов туралы кітап жазу үшін оның туған ауылында болып, жақындарымен кездескенін баяндады. Осы арқылы қаламгер чемпионның тек спортшы емес, кең жүректі, мейірімді, еңбекқор, отансүйгіш тұлға болғанын ашып көрсетті.
Кездесуде ұлттық құндылықтар мен «Заң және тәртіп» қағидатының маңыздылығы да талқыға түсті. Басқосу соңында Садриддин Ахмедов, Бейбіт Сарыбай және Әсел Еркімбаева аудандық прокуратура атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шараның соңында оқушылар мен ұстаздар қауымы құрметті қонақтармен естелік суретке түсіп, қолтаңбаларын алды.
Сондай-ақ бұл кеште армандардың орындалатынына да куә болдық. Ол сәтке жеткендердің бірі – Еңбекші ауылындағы мектептің 8 «Б» сынып оқушысы Ансар Қуандық. Ол үш жылдан бері бокспен айналысады. Садриддин Ахмедовке үнемі жанкүйер болып, онымен кездесуді аңсаған екен. Міне, сол арманы орындалды.
Осындай кездесулер талай оқушының жігерін оятып, жүректеріне үміт отын жақты. Әрбірі танымал адамдардан өнеге алып, айтқан ақылдарынан жақсы ой түйе білді. Бұл шара, расымен өз нәтижесін беріп, өскелең ұрпақтың өміріне игі әсерін тигізді деп ойлаймыз.
Дидар Мәлікұлы
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
