Мынау бір қонақ жарық дүниеде көңілі қаяулы жандардың барын ешқашан ұмытпаған абзал. Олар айналамызда. Әр ортадан ұшырасып жатады. Көңілі жарым жандарға бір ауыз жылы сөзің, ыстық ықласыңның өзі көп күш бергендей болады. Тәуелсіз Отанымызда мүмкіндігі шектеулі балалар мемлекет қамқорлығына алынған. Кеген ауданының орталығында «Шолпан» ресурстық қоғамдық қоры ашқан «Үміт сәулесі» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталық жұмыс істейді. Таулы өңірдегі айтулы кәсіпкер, еңбекқор ана Шолпан Жанбабаева басқаратын бұл орталық жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі балаларды аялы алақан мен жылы құшақтарына алған. Бұл орталық ата-аналарға қолайлы жұмыс күндері таң ертеңнен бастап кешке дейін балаларды қамқорлықтарына алып, тиісті қызметтерін жүргізеді. Жылы да жайлы мекенжайда балалар үш уақыт тамақ ішеді. Орталықта тірек қимылдары ауытқыған, психоневрологиялық ауытқулары бар 27 балаға тиісті қызмет көрсетілуде. Атап айтқанда, орталықта еңбек ететін невропотолог, психиатр дәрігерлердің, дефектолог, логопед, психолог, тәрбиеші, массаж жасаушы, емдік дене шынықтыру мамандарының балаларға берері мол. Балалар күнделікті инватакси арқылы орталыққа әкелініп, қайтадан үйлеріне жекізіліп отырылады.
–Көзін ашып, мынау өмірге келген балалардан, айналайық! Жүректері ақ, көңілдері пәк, ойлары тұнық балаларды бір-бірінен кемсітуге ешқашан болмайды. Қалай дегенмен де үміттерін оятып, жарық күнге талпындыра алсақ, ойымыздың орындалғаны. Мұндай орталықты Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласынан, Шелек ауылынан да ашқанбыз. Аталған екі орталықта 80 бала қамқорлыққа алынған. Біздің орталық жалпы, 72 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейді «Шолпан» ресурстық қоғамдық қорының жетекшісі, «Үміт сәулесі» оңалту орталығының директоры Шолпан Жанбабаева.
Жұмагүл Әбдірахманова, Мақсат Машкеев секілді білікті дәрігерлердің, Эльмира Қарашалова, Арай Асқарова, Мәулен Төкенұлы, Еркебұлан Жаманқұлов, Гүлназ Төленқызы, Сандуғаш Көдек секілді түрлі мамандардың, мейірбике Нұрбала Энкелешова, тәрбиеші Ғалия Сатаева, бала күтуші Раушан Дәркенбаева, аспазшы Нағипа Садықовалардың есімдерін орнымен айтуға болады.
Шолпан басқаратын «Үміт сәулесі» атты оңалту орталығы ата-аналардың алғысына бөленген. Мүмкіндігі шектеулі балалардың да мұндағы қолайлы жағдайға көңілдері тоқ. Балаларды жан жылуы, жүрек мейіріне бөлеп жүрген дәрігерлер мен мамандардың істеріне сәттілік тіледік!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.