Жамбыл ауылдық округі – Қарасай ауданының аумағында орналасқан, ең соңғы болып құрылған округтердің бірі. Оның құрамында Жамбыл, Қошмамбет, Батан, Ұлан сияқты елді мекендер бар.
Халықаралық маңызы бар «Алматы – Нұр-Сұлтан» тас жолының бойында орналасқан бұл өлкенің бүгінгі таңда тұрмыс-тіршілігі тұрақты, экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсы жағынан өзгеруде. Тұрғындар санының артуына байланысты бірқатар маңызы бар әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланып, ел игілігі жолында қызмет атқарып келеді.
Қазіргі таңда мұнда 15 мыңнан астам халық тұрады. Татулығы жарасқан қазақтармен бірге өзге ұлт өкілдері де тіршілік етуде. Осындай ауылдастардың алғысына бөленіп, ел тілегін ескеріп жүретін бұл округті іске мығымды, жаңашыл бастамаға себепші болып жүретін, жас та болса белсенді әрі білікті басшы ретінде танылған Тұрарбек Ташов сынды азамат басқарады. Ауыл әкімі жергілікті халықтың өтініш-тілектерін ескеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын іске асыруға күш салып, сол мақсатта еңбек етіп келеді.
Былтыр жамбылдықтардың тарапынан 12 ұсыныс түсіп, бірнеше мәселелер көтерілген болатын. Оның барлығы округ әкімінің есептік кездесуінде жан-жақты талқыланып, соның аясында атқарылатын жұмыстардың мақсаттары айқындалды. Одан бөлек, тұрғындардың басқа сан сауалдары басты назарда. Сол бағытта межелі міндеттер алға қойылып, биыл оның біразы атқарылады деген жоспар бар.
Оқырман қауымға түсінікті болуы үшін округ бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы уақытта жүзеге асатын бірқатар шаруалардың ретін жеткізсек деген ойымыз бар.
Ел игілігі үшін атқарылған игі істер
Округтегі оңды өзгерістердің көбі былтыр атқарылды десек болады. Нәтижелі шаруалардың барлығы толығымен аяқталды.
Былтыр көпшіліктің сұранысымен округке қарасты барлық ауылдардың бірнеше көшелерінде жаңғырту жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, Жамбыл ауылындағы ұзындығы 800 метрді құрайтын Мәметова көшесіне, ұзындығы 1000 метрді құрайтын Гаджиев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұлардың барлығы толық аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек, Ұлан ауылындағы ұзындығы 1300 метр болатын Әуезов көшесінде 10 техниканың жұмылдырылуымен орташа жөндеу жұмыстары болды. Ал, Батан ауылындағы ұзындығы 800 метрді құрайтын Саламатов көшесі де орташа жөндеуден өтті.
Округтің құрамына кіретін Қошмамбет ауылындағы 1430 метр Шаған көшесі де күрделі жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегі жасалды. Бұл құрылысқа ДРСУ-8» ЖШС-гі жауапты болып, үш техникасын жұмылдырды. Сондай-ақ, Қошмамбет ауылындағы ұзындығы 1500 метр болатын Бәрібаев көшесінің жол жиегі де толығымен ретке келтірілді.
Ауылдың көркін келтіретін бұл көше жұмыстарынан бөлек, талай жылдан бері тозығы жетіп тұрған Жамбыл ауылындағы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының күрделі жөндеу жұмысын да айта кеткен жөн. Болашақ көлік тізгіндеушілерді оқытатын бұл білім ұясы былтыр жаңаша жаңғырып, аумағы абаттандырылды.
Ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да атқарылады
Жергілікті халық санының артуына байланысты бірқатар әлеуметтік нысандардың сұранысқа ие болатыны рас. Сондайлардың бірі – Батан ауылының маңызды мәселесіне айналған мектептің қажеттілігі. Оның да шешімі табылды. Бүгінгі таңда 2,2 га жер теліміне 450 орындық білім ұясының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Барлық жұмысының құны 1 млрд. 289 мың теңгені құрайтын бұл нысанның бой көтеруіне «СП «NEFT» ЖШС толығымен жауапты. Көптің тілеуімен ғимараттың жұмысы биыл аяқталып, қолданысқа берілу жоспарлануда.
600 орындық жаңа мектептің іргетасы Қошмамбет ауылында да қаланатын болады. 2,6 га жер телімі бүгінгі таңда сатып алынып, биыл оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
Тұрғындардың саламатты өмірін жақсарту мақсатында биыл Жамбыл ауылындағы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатының аумағының 4 сотық жеріне «Street Workout» алаңы мен шағын саябақ салынады. Жергілікті бюджет есебінен жүзеге асатын бұл бастама жыл соңына дейін аяқталады деген болжам бар.
Округтің құрамына кіретін Ұлан ауылының тұрғындары үшін алдағы уақытта жақсы жаңалық болады деп күтілуде. Мұнда ұландықтардың игілігі үшін 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Медициналық мекеменің құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттамасы биыл дайындалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Жоғарыда атап өткен маңызды нысандардан бөлек, ауыл ішіндегі бірқатар көшелерге қатысты жаңғырту жұмыстары да 2021 жылы жүзеге асады. Мәселен, Жамбыл мен Батан ауылын жалғайтын, ұзындығы 1,5 км болатын Донбаев көшесінің жол жиегі толықтай жөнделуде. Ұлан ауылындағы ұзындығы 600 метр Ағыбаев көшесіне биыл күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, Жамбыл ауылындағы ұзындығы 600 метрді қамтитын Бейбітшілік көшесі де күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта оның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
«Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында
Жамбыл ауылындағы Сәтбаев көшесіне биыл толықтай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін мемлекет тарапынан 13 млн. 308 мың теңге қаражет бөлінді. Дәл сол сияқты осы ауылдағы Абай көшесінің қалған бөлігіне де күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады.
Жоғарыда атап өткен көше құрылыстарынан бөлек, бағдарлама аясында алдағы уақытта Жамбыл ауылына 3 млн. 334 мың теңгеге спорт алаңын салу жоспарда бар. Республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінген соң ел игілігі үшін бұл ауқымды шаруа да атқаралатын болады.
Жамбыл ауылдық округіндегі біз нақтылап жеткізген жүйелі жұмыстардың жай-жапсары, міне, осындай. Көптің көңілін алаңдатқан білім және денсаулық саласына қатысты іргелі істердің жоспары нақтыланды. Ауыл ішін көріктендіруге қатысты жұмыстар да жақсы жалғасып келеді. Игілікті істердің нәтижелерін көрер күн де алыс емес деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.