Жастар саясатын ілгерілетіп, ерікті болудан еш тартынбайтын, үлкендердің ықыласына бөленіп, мемлекеттік іс-шараларға белсене, бел шеше кірісетін бір ұйым бар болса, ол – жастар ресурстық орталығы. Оның Қарасай ауданындағы филиалы талай жүйелі жұмыстардың атқарылуына мұрындық болып, мерекелік бастамаларға қолғабыс етіп келеді.
Аталмыш орталық наурыз айындағы айтулы күндерді атап өтуді де шет қалдырмады. Көктемнің алғашқы мерекесі болып саналатын 1 наурыз – Алғыс айту күнін Қаскелең мәдениет колледжімен бірігіп, мейірімге, жанашырлыққа, ізгілікке үндейтін іс-шараны өткізді. Оның барысында Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы «Нұржәрдем» медициналық колледжінің студенттерімен бірігіп, Қаскелеңде орналасқан «Нұр Отау» қарттар үйіне арнайы барды. «Қарттарым, аман-сау жүрші» тақырыбында ардақты ата-апалармен кездесу ұйымдастырып, оларға ерекше көңіл бөліп, сый-сияпаттар сыйлады. Аудан жастары қазыналы қарияларды бір сәт қуанышқа бөлеп, риясыз ризашылықтарына куә болды. Айтулы мерекелік іс-шараға атсалысқан Қаскелең Мәдениет колледжінің директоры Саят Ақбасовқа айрықша алғысымызды білдіреміз. Кеш барысында аталмыш оқу ордасы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Джунусова, арнайы пән оқытушылары А.Салкынова мен Е.Әділбек, психолог Қ.Қожамұрат және Г.Изенова, К.Асылбекова, М.Айтқұл, Д.Тулепбергенов, Д.Сабит сынды колледж студенттері, сондай-ақ «Нұржәрдем» колледжінің белсенділері мерекелік кештің көркін келтіріп, қарияларға керемет көңіл-күй сыйлады. Ата-апаларымыздың көңілдерін көтеріп қана қоймай, Қаскелең Мәдениет колледжі ұсынған құрақ көрпе және кітап сыйлыққа беріліп, аудан жастары қарттарымыздың ақ батасын алды.
Көктемнің алғашқы айындағы ерекше мейрамның бірі – 8 наурыз күніне белгіленген Халықаралық әйелдер күні. Мерекенің қарсаңында Жастар ресурстық орталығы Қарасай ауданының қоғамдық іс-шараларына және мемлекеттік жастар саясатының дамуына атсалысып, өскелең ұрпақтың білімді, парасатты болып шығуына еңбек сіңіріп жүрген С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің бірқатар нәзікжандыларын құттықтап, Құрмет грамоталарды табыстады. Бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін қазақ қыздарының рөлін айшықтады.
Жас қарасайлықтар мерекелік шаралардан бөлек, ауданның қоғамдық және тазалық жұмыстарына да белсенділік танытады. Мәселен, өткен аптаның сенбісі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен бастау алған «Бірге таза Қазақстан!» экологиялық акциясына қатысты. Шара барысында көктемгі санитарлық абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, сенбілікке бір кісідей атсалысты.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы жоғарыда атап өткендей айтулы күндер мен мемлекеттік деңгейде атап өтілетін іс-шаралардан еш қалыс қалмайды. Жастар саясатын дамытып, қоғамдық жұмыстарға да өз үлестерін қосудан жалыққан емес. Ел ертеңі жастардың бойында мұқалмас жігер, ақылы мен парасаты қабысқан қасиет, отаншылдық, рухты жалын болса, мемлекеттік келешегі сенімді жандардың қолында деп сену керек. Қарасай жастары мемлекеттік жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуден жалықпайды.
Жарқынай САДУОВА,
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі.