Таяуда елімізде Ата заңымыз, яғни Конституцияға өзгерістер енгізілетіндігі белгілі болған еді. Ал ақпан айының 11 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды 15 наурызға белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы ретте еліміздің барлық аймағында үгіт-насихат шаралары қарқын алды.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері кеше Қарасай ауданына арнайы келіп, SDU University студенттерімен кездесу өткізді. Премьер-Министрдің орынбасары және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарған коалиция делегациясының мүшелері қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Сергей Пономарев та болды.
Студенттік қауымдастық, университет белсенділері мен жас жоба авторлары қатысқан жиында Аида Ғалымқызы жалпы жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқығын қорғау және елдің тұрақты дамуына бағытталғанын атап өтті.
Жаңа құжатта жаһандық өзгерістер ескеріліп, сондай-ақ идеялар, құзыреттер және инновациялар маңызды рөл атқаратын білім экономикасын дамыту үшін жағдайлар жасалады. Вице-министрдің айтуынша, студенттер мен жас зерттеушілер үшін жобада шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бекітілуі өте маңызды.
– «Конституция сөз бостандығына және ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Ең бастысы, зияткерлік меншік заңмен қорғалады. Яғни, бұл идеялар, әзірлемелер, стартап өнімдері, жобалар, зерттеулер және шығармашылық нәтижелер конституциялық қорғауға ие болатынын білдіреді», – деп атап өтті Аида Балаева.
Бұдан бөлек кездесу барысында жалпыұлттық коалиция мүшелері азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарына, атап айтқанда, жеке деректерді қорғау және цифрлық қызметтерге сенімді қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Әсіресе, жаңа өзгерістердің ішінде жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологияларды пайдалану арқылы қорғау бекітілгенін ерекше айтып өтуге болады. Ал коалиция және ҚР Парламент Мәжілісінің мүшесі Жанарбек Әшімжан білім беру және ғылыми басымдықтар жаңа Конституцияда мықтап бекітілуі керек екенін жеткізді.
– «Білім өндірісті жаңғыртуға, өнім сапасын жақсартуға, жаңа стандарттарды енгізуге және бәсекеге қабілетті болып қалуға мүмкіндік береді. Балаларға білім беру құқығын, заманауи білімге қол жеткізуді және жастардың сұранысқа ие дағдыларды игеруін және жаңа кәсіби деңгейлерге көтерілуін қамтамасыз етуді талқылау маңызды. Мұның бәрі Конституцияда мықтап бекітілуі керек, себебі Конституция мемлекеттің барлық заңнамалық және бюджеттік саясатының негізін қалайды», – деді халық қалаулысы.
Кездесу барысында студенттер Жаңа Конституция жобасының маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісіп, құжаттың білім беру, ғылым және елдің интеллектуалдық әлеуетін дамытудың стратегиялық негізі ретінде қабылданатыны туралы сөз етті. Мәселен, жиынға қатысқан білімгерлер ішінен Мақсат Айтбек сөз сөйлеп, білім беру және ғылыми басымдықтарды конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығына тоқталды.
SDU University өткен жиынның ресми бөлігі аяқталған соң Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім мекемесінің оқытушыларымен және студенттермен еркін форматта жеке сөйлесіп, олардың тараптарынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ алда келе жатқан референдум азаматтардың Ата Заңның болашағын шешуге тікелей қатысуының негізгі тетігі екенін атап өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
