Кеше ауданымызда да бір мезгілде (синхронды түрде) жалпықазақстандық ашық диктант жазу ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінде аталып жатқан жазбаша сынақтың өткізілуіне себепші – «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын іске асыру жөнінде 2016-2018 жылдарға арнайы іс-шаралар жоспарланған жобалардың бірі болып табылады.
Өз ана тілімізде еркін сөйлеу былай тұрсын, жазбаша қазақ тілінде сынақ тапсырудың орны бір бөлек. Бір жағынан білім деңгейіңді көтерсең, екінші жағынан сауаттылығыңды арттыруға септігі мол. Ал, ашық диктант осындай қабілеттерді жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан да бүкіл республика көлемінде ана тілінде тапсырып жатқан мұндай сынақтың өткізілуі өте орынды деп білеміз.
Ауданымызда да өткізілген ашық диктант Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана – бейбітшілік бесігі» тақырыбына арналды.
Синхронды түрде ұйымдастырылған шара бірнеше мекеме орындарында жүзеге асырылды. Атап айтқанда, аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында, Алтын ауыл орта мектебінде және Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында өтті. Әрине, диктант қазақ тілінде болды. Қатысушылардың қатарында аудандағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, студенттер, өзге ұлт өкілдерінің жоғарғы сынып оқушылары және тағы басқа тыңдаушылар да болды.
Жалпы алғанда сынақ тапсырушылардың саны 114-ке жетті.
Сондай-ақ, ашық диктантқа баға беруге бірнеше комиссия мүшелері бекітілді. Олардың қатарында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы және аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Маржан Нурсапаева мен Мансия Буданова болды.
Ашық диктанттың жүргізілуін қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қадағалап отырды. Бір жарым сағаттай сауаттылығын сарапқа салған қатысушылар сенімді түрде сынақты ойдағыдай тапсырып шықты.
Нәтиже көрсеткіші де қанағаттанарлықтай. Нақты айтқанда, 114 қатысушының 43-і өте жақсы бағаланса, 40 адам жақсы, ал қалған 31-і орташа деген бағаға лайық болды.
Осылайша ашық диктанттың арқасында ана тіліміздің қолданылу аясы кеңіп, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге – қазақ тіліне деген сыйы мен құрметі арта түсті. Онымен қоса, мемлекеттік қызметкерлердің, қоғам белсенділерінің де жазбаша сауаттылық қабілеттері жоғарылады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.