Қарасай ауданында түрлі сала бойынша шешімін таппаған мәселелер әлі де жетерлік. Дегенмен, халықтың талабы ескеріліп, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Мұндай игі істер бүгінгі таңда аудан әкімінің нұсқауымен жалғасып та келеді. Бәрі бірден шешілмейтіні анық. Десек те, ауданның ахуалына алаңдайтын, оның ішінде ауылдың жағдайын жақсарту үшін жан ұшырып жүрген жандар аз емес.
Жақында біздің редакциямызға Жалпақсай ауылы ақсақалдар алқасының мүшесі Серік Сарыбаев ауылдастардың өтінішін арқалап, өзекті мәселелерді көтерді. Хаттың түпнұсқасында былай жазылған: «Архив деректеріне сүйенсек,Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Жалпақсай ауылында «Политотдел» атты колхоз құрылған. Бұл коллективтендіру кезеңі еді. 1928 жылы колхозшылардың саны 35-40 үйді құрады. Ол кезде халықтың басты кәсібі ірі қара малмен айналысыу, егін егу, қант қызылшасын өсіру болатын. Техника болмаса да талай жұмыс қолдың күшімен атқарылды. Көліктің орнына өгіз және ат арбалар қолданылды. Сондай қилы кезең орын алғанымен, колхозда мектеп, медициналық пункт, мешіт, спорт алаңы, клуб дегендер болды. 1957 жылы колхоздың жеріне қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты келіп орналасты. Одан кейін колхоз Қаскелең үлгі-тәжірибе шаруашылығы болып өзгерді. Мұнда колхозшылар жұмыстарын атқара берді. Уақыт өте экономикамыз өсіп, халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік тұрмысы жақсарып, мәдениет жағынан даму байқалды. Ауылымызда жұмысшыларға арналып тұрғын үйлер, Мәдениет үйі, аурухана, балабақша салынды. Алайда, Совет Одағы ыдыраған кезде осы нысандардың барлығы жекеменшікке өтіп, сатылып кетті. Бұл 1992 жылдары болатын. Міне, содан бері Мәдениет үйі әлі қаңырап бос тұр. Ал, сатып алған адам оны 110 миллионға бағалап отыр. Қысқасы, қазіргі таңда ауылымызда мектеп, аурухана және мешіт жоқ. Халықтың жасы да, кәрісі де іргелес жатқан Алмалыбақ ауылының ауруханасына барып қаралса, оқушылар да осындағы үш мектепке барып оқиды».
Осылайша ауыл ақсақалы Жалпақсайдың бүгінгі жағдайын айтып, көкейде жүрген мәселені қозғады. Сонымен қатар, Серік атамыз ауыз судың жеткіліксіздігін, құбырлардың ескіргенін, кейбір көшелерде жарықтың жоқтығын айтып, көліктердің жол жүру ережесін сақтамайтына және кейбір көшелердің жөнделмеуін қатысты шағымын да білдірді.
Жоғарыда көтерілген мәселелерді назарға алып, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Серік Үмбеталиевтен нақты жауап алуды жөн санадық. Округ әкімінің айтуынша, әлеуметтік нысандарды салу үшін ауыл ішінде жер жоқ. Қазіргі уақытта осы мәселе аудан әкімінің қадағалауында екен. Сонымен қатар, округ басшысы жер табылған жағдайда бұл мәселе оңды шешілетінін жеткізді. Ал, ауыз судың жағдайы «Қаскелең су топтамасы» жобасымен байланысты екенін білдік. Жергілікті әкімдіктің мәлімдемесіне сүйенсек, аталған жобаның аясында алдағы 1,5 жылдың көлемінде Райымбек пен Долан ауылдары арқылы ауыз су жүйесі Мерей ауылына дейін тартылады. Яғни, бұл ретте Жалпақсай ауылы да қамтылатынын ескере кету керек. Жарық пен жолдың мәселесіне келер болсақ, әкімдік тарапы бұл да басты назарда деп сендірді. Қазіргі таңда дәл осы саламен айналысатын аудандық бөлімдерге тиісті өтініш берілген. Алдағы уақытта қаржы бөлінуіне қарай жөндеу жұмыстары басталады.
Ауылдың жай-күйіне көңіл бөлген ақсақалдың алаңдаушылығы, міне, осындай. Бір жағынан бұл да орынды. Көпшілік болып мәселенің көтерілгені, ауылдастардың бірлігі деп білеміз. Халық үніне құлақ асатын мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, айтылған сөз жерде қалмас. Жалпақсайдың жағдайы одан әрі жақсарады деген сенім бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.