Еліміздегі дағдарыстан кейінгі даму бағытын нұсқаған Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында талай мән-маңызы зор мәселелер қамтылып, оның шешу жолдары да айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында алдымен мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға баса назар аударып, экономикалық даму жолына септігін тигізетін бірқатар саладағы өзгерістерге де тоқталды.
Саяси саланың жаңғырту ісін жалғастыруды айтқан ел Президенті өңірді дамыту бағытын алға тартып, бұл жауапты істе мәслихаттардың өкілді орган ретінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар, олардың жалпы отырыстары міндетті түрде онлайн түрде көрсетіліп, депутаттардың өзара пікірталасуы, ой бөлісуі жасырын болмауы керектігін айтты. Мұндай жиындардың осы жүйеде жүзеге асуын мен де қолдаймын. Осылайша қоғамдық-саяси орта мен жұртшылық арасындағы байланыс арта түсетініне сенімім мол.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы аудандық мәслихаттар нақты шешімдер қабылдаған кезде қоғамның өзекті мәселелері туралы пікірлерін ескеру қажеттігін айтуы да тегін емес.
Расында, Президент айтқандай, өз-өзімізді дамытуға күш салып, қоғам алдындағы жұмысымызды жетілдіре түсуіміз қажет. Ауқымды міндетті табысты түрде жүзеге асыра білсек, елдің ертеңі жарқын болады деп сенемін.
Атлана ИСАЕВА,
Қарасай аудандық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы.