Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде жаралған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Осындай жанның бірі –Яхит Қарабалина ұстаз атын небір сын сәттен де аласартпай алып шығатын, өзі қалаған мамандығын жан-тәнімен сүйетін, еңбегімен баршаның құрметіне бөленіп жүрген ұстаз ғана емес, аяулы жар, ардақты ана, мейірімді әже. Ол үнемі ізденіске толы өмір жолында қарапайым мұғалімдіктен мектеп басшысына дейінгі баспалдақтардан өтті.
Яхит Ахмедиқызы Қарағанды облысы, Тельман ауданы, 1 Май ауылында дүниеге келген. Арман қуған өрімдей жас бойжеткен Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің математика пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, 1975 жылы аяқтайды. «Бұл мамандықты таңдауыма маған жанашыр жан, бойында адалдық, қарапайымдылық ұялаған туған әпкем Қарабалина Айман себепкер болды», – деп сағынышпен еске алады ол өткен күндерді.
Яхит Ахмедиқызы алғашқы ұстаздық еңбек жолын Абай атындағы орта мектеп – гимназиясында математика пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. 1978 жылы жолдасының жұмыс бабымен Шамалған ауылына қоныс аударып, 1980-1990 жылдары Шамалған ауылындағы кәсіптік-техникалық училищеге математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады.Тағы да сол өзінің сүйікті ортасы. Кешке ертеңгі сабаққа дайындық, оқушылардың дәптерін тексеру, уақыт тауып өзінің сүйікті ісі – көркем әдебиет оқу… Бәріне уақыт табады. Білім ордасында мұғалім бола жүріп, өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің, қызметке деген жауапкершілігін бірден байқатқан ол 1991-2001 жылдар аралығында Қарасай батыр атындағы орта мектеп директорының орынбасары болып жұмыс атқарды. 2002-2012 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы орта мектепке директор болып, білім ұясын абыройлы басқарып, зейнеткерлікке шықты.
Мектеп басшысы ретінде бүгінгі білім саласындағы үздіксіз өзгерістердің енуін саналы түрде қабылдап, әрекет ету аса жауапкершілікті қажет етеді. Ал, ұстаздың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін де мектеп басшысы. Педагогикалық еңбек өтілі әуелі қатардағы мұғалім қызметінен басталып, мектеп басшысы деңгейіне көтерілген Яхит Ахмедиқызының еселі еңбегі көпке үлгі боларлық. Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, үлкен ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болуы керек. Міне, осындай ұжымды айрандай ұйытып, ынтымаққа бастай білген білікті директор алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтардың қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасағаны , қазіргі мектеп мұғалімдерінің есінде қалғаны анық. Ол өткен уақыт аралығында білім ұясында көптеген жетістіктердің орын алуына бірден-бір себепші болған-ды. Осы бір нәзік жанның бойындағы қайрат, жігер, мәдениеттілік, ізеттілік сарқылмайтын бұлақтай деп айтсақ артық болмас.
Яхит Ахмедиқызының ұйымдастырушылық қабілеті өз жемісін берді. Өз ұжымын, шәкірттерін жетістікке жеткізген ол – тәжірибелі педагог, тағылымы мол тәлімгер. Оқу-тәрбие үдерісінде жеткен жетістіктері, жоғары кәсібилігі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Еңбек ері», «Білім беру ісінің үздігі» медальдарын иеленген. Әріптестері, шәкірттері мен ата-аналар арасында да үлкен беделге ие. Жас мамандарға үнемі әдістемелік көмек көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп отыратын білікті ұстаз қазіргі таңда қажеттілікке байланысты Шамалған ауылындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбегін жалғастыруда. Әрі ұжым арасында қашанда өзінің ақкөңіл, ашық-жарқын мінезімен, адами болмысымен, өзін де, өзгені де сыйлата білетін қарапайым қалпымен көпке үлгі болуда.
«Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын шашар еліне» — деп текке айтылмаса керек. Көптің алғысы адамды көкке көтереді. Ол сондай ел-жұртының сыйына бөленген жан. Бұл бүкіл ұжымның, халықтың пікірі. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» – демей ме…
Қарабалина Яхит Ахмедиқызының білім сапасының артуына алда да үлесін қосып, әлі де біраз белесті бағындыра беретініне сеніміміз мол.
Олай болса, ұлағатты ұстазды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық , қажымайтын қайрат, отбасының амандығын тілейміз!
Б.ЕЛЕУСІЗ.