Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аптаның алғашқы күні халықпен тұрақты кездесуінің аясында Жаңатұрмыс ауылына арнайы барып, тұрғындардың осы күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселелері мен ауылда атқарылатын бірқатар жұмыстардың жай-жапсарын түсіндірді.
Аталмыш ауыл халқының басым көпшілігі жиі шағымданатын мәселелерінің бірі – қоқыстың уақытысында тазаланбауы. Тұрғындар осы уақытқа дейін керексіз қалдықты шығарумен айналысатын «Тазалық» ЖШС-нің қызметіне жиі наразылықтарын білдірген еді. Бұл жиынға келгендер тағы осыған тоқталды. Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бұл мәселеге назар аударып, аталмыш мердігер мекеменің басшысынан жауап беруін сұрады. Серіктестік директорының айтуынша, қазан айының алғашқы күнінен бастап келісімшарт бұзылды және алдағы уақытта қызмет көрсетілмейді. Осы ретте Жаңатұрмыстың тұрғындары қазан айының 1-нен бастап бүгінгі күнге дейін алынған төлем бойынша қайта есептеу жүргізуін талап етті. Ауыл халқының бұл өтінішін аудан әкімі де құптап, мердігер мекеменің басшысына әрбір тұрғынмен жеке-жеке есеп айырысу керектігін ескертті.
Кездесудің барысында көпшілік судың сапасыздығы мен оның тапшылығына шағымданды. Аудан басшысы Жасұлан Естенов бұл мәселенің реттелуі бастоғанның және су ұңғымасының салынумен байланысты екенін түсіндіріп, оның жұмыстары келесі жылы көктемде аяқталатынын айтты.
Ауыл халқы сонымен қатар Алматы-Жандосов тас жолының жиегіндегі сауда нүктелеріне наразылықтарын білдірді. Көлік жүргізушілер, тіпті, олар ары-бері өткенде кедергі келтіретініне шағымданып, соларды қадағалауын сұрады. Көпшіліктің бұл өтінішін аудан әкімі өте орынды екенін жеткізіп, жергілікті атқарушы орган мен тиісті мекеме қызметкерлеріне тапсырма жүктеді. Сол бойынша жақын арада жол жиегіндегі заңсыз саудалар жойылып, айналасы ретке келтірілуі тиіс.
Жалпы жиын барысында жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, ауыл ішін жарықтандыру, асфальттау, троатуар салу сияқты бірқатар атқырылатын жұмыстар талқыланды. Оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру барысы халыққа түсіндірілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.