Еркін елдің ертеңі жастарға байланысты. Қоғамның тірегі солар болғандықтан, өскелең ұрпаққа артылар үміт пен сенім әлдеқашан басым болары анық. Мемлекеттің қозғаушы күші деп тануымыз да бекер емес. Себебі ел келешегінің кемелденуі, жақсы нәтижеге ұмтылуы, жаңа толқынның табандылығы, мұқалмас жігерінің жоғалмауы тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне ықпал етері сөзсіз.
Сондықтан елімізде жастар саясатының дұрыс бағытта дамып, оның салмақты түрде жүзеге асуы маңызды. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде межелі міндеттер қойылған. Ал Қарасай ауданында жастар ісінің ілгерілеуі қалай байқалуда? Жас қарасайлықтарға қандай қолдау бар? Осы және өзге сауалдардың төңірегінде Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуовамен әңгімелескен едік.
– Жарқынай Қыдырханқызы, алдымен Қарасай ауданындағы жастардың жалпы санына тоқталайықшы. Ресми түрде олардың сандық көрсеткіші қандай? Сонымен қатар, аудан бойынша жастар саясаты қалай жүзеге асырылуда?
– Қарасай ауданы бойынша бүгінгі таңда ресми статистикалық мәліметке сәйкес жастар саны 74 209-ды құрайды. Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі. Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр. Өйткені болашаққа алаңдайтын әрбір саналы адам жастар саясатына бей-жай қарамауы керек деп есептеймін. Өскелең ұрпаққа айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде олардың жан-жақты білім алып, түрлі бағытта дамуына, қоғаммен араласуына, еңбек етуіне жағдай жасалып отыр. Осындай істердің жүзеге асуына әр өңірдегі орталықтар да ықпал етуде десем де болады. Солардың бірі – өзім жетекшілік ететін Жастар ресурстық орталығы. Бұл мекеме аудан бойынша түрлі мәдени іс-шаралардан бастап, қайырылымдылық бағыттағы бастамаларды да қалыс қалдырған емес. Ақпараттық-мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды ақпараттандырып, сонымен бірге белсенділермен жүйелі жұмыс жасаудамыз. Тұрақты түрде әртүрлі бағытта семинар-тренингтер өткізіп, мектеп, колледж жастары арасында үздіксіз кездесулер ұйымдастырудамыз. Қазіргі таңда жастар саясатын дамыту барысында аудандық «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ғимараты салынуы жоспарлануда. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш. Жастар ісін одан әрі жандандыруға септігін тигізер дер едім.
– Өзіңіз жастармен жиі араласқандықтан талай жайттарды естіп, ескеріп жүрген шығарсыз. Жалпы жастардың арасында жиі туындайтын мәселе қандай? Бар болса, олар шешімін тауып жатыр ма?
– Жастар арасында басты мәселе – оларды жұмыспен қамту. Заман ағымымен еліміз дамып, жетістікке жеткенімен, жұмыссыздар санының көбеюі басты мәселеге айналып отыр. Қазіргі таңда «NEET» санатындағы (жұмыссыз) жастар арасындағы мәселені шешуді басты назарға алып отырмыз. Қала, ауылдық округ бойынша «NEET» санатындағы жастармен ұдайы жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда білімі бар немесе білімі жоқ жастар жұмыс іздеумен белсенді айналысады. Арнайы білімді, жоғары біліктілікті қажет етпейтін жұмысты орындауға дайын. Анығын айтар болсақ, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 82 адам. Яғни, олар уақытша жұмыста, тұрақты қызмет орны жоқ. Бала күтімімен 28 жас айналысса, үй шаруасындағылардың саны 3 адамды құрайды. Жеке шаруашылықта 4 жас еңбек етуде.
Әрине, елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда болғандықтан, оны шешудің жолы қарастырылуда. Бұл проблеманың алдын алу үшін «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Zhas Project», «Жастар практикасы», «Қайта даярлау курсы», «Жасыл ел», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» сияқты бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл аталғандар аудандағы жұмыссыз жастардың санын азайтуға едәуір септігін тигізуде.
– Қазақстан бойынша тағы бір өзекті мәселенің бірі – баспанаға деген мұқтаждық. Күрмеуі қиын бұл жағдай аудан жастарының арасында байқалады ма? Олар қандай қолжетімді бағдарламалар арқылы үй алуға мүмкіндіктері бар немесе кезекке тұра алады?
– Иә, өте дұрыс айтасыз. Баспана мәселесі елімізде ең өзекті. Бүгінде осы мәселені шешуге мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жасалуда. Биыл Алматы облысының жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешевтің бастамасымен арнайы жоба – «Кеңес орталығы» жұмысын бастады. Соның арқасында «Отбасы банк» АҚ, «Екінші дәрежелі банк» бойынша апта сайын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды, аудан жастарын қолдау мақсатында ақпараттандыру құралы ретінде ашылып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ «Алатау жастары» деп аталатын жаңа бағдарламаны іске қосқан болатын. Шартына сәйкес 35 жасқа дейінгі облыс аумағында тұратын, жұмыс өтілі бір жылдан кем емес жастар үміткер бола алады. Оларға алғашқы жарнасы талап етілмейтін, сыйақы мөлшерлемесі 5%-ға тең болатын ипотека беріледі. Банк тарапынан үй сатып алуға 19 жылға 10 млн теңгеге дейін несие рәсімделеді. Егер үйдің бағасы 10 млн теңгеден асса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінін төлеуі тиіс. Осындай тиімді бағдарламаның арқасында 2022 жылдың 1 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында Алматы облысы бойынша 1374 өтінім қабылданды. Нәтижесінде 60 жас отбасы баспанаға қол жеткізді. Биыл бұл бағдарлама өз жалғасын таппақ. Осы жылы 200 адамға 15 млн теңгеге несиелендіру көзделіп отыр.
– Жарқынай Қыдырханқызы, жас отбасы демекші, аудандағы жас ерлі-зайыптыларға тоқталайықшы. Бүгінде отау құрған жастардың арасында ажырасу қаншалықты байқалады? Статистика не дейді?
– Жасыратыны жоқ, соңғы кезде осы сөзді жиі естиміз. Елімізде шаңырақ көтерген отбасылар жиі ажырасып жатады. Олардың мұндай қадамға баруына түрлі фактор әсер етуде. Дегенмен біз өз тарапымыздан отбасы құндылығын ұғындыратын, отбасының қасиетті орта екенін дәріптейтін түрлі шараларды қолға алып, тәрбиеге баулитын ақылшы, белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында аудандық, облыстық деңгейінде «Үлгілі отбасы» байқаулары жылда өткізіліп тұрады.
Жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, жас отбасылардың мәселелеріне назар аудару, отбасылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы психологі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Маманның ресми мәліметіне сүйенсек, жыл басынан осы уақытқа дейін некеге тұрған жастар саны 236-ға жетсе, үш отбасы ажырасып үлгерген. Ал 69 адам жеке кеңес алғанын да айта кету керек.
– Бүгінгі таңда жастар үшін мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар? Сол туралы қысқаша айтып өтіңізші.
– Қазақстан Ресубликасының жастар саясаты саласының басты міндеті – оларды жан-жақты қолдау. Атап айтқанда, білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, спорт және мәдени шараларға тарту, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету, және тағы басқа түрлі қызмет салаларында көмек көрсету. Өскелең ұрпақ үшін жүзеге асып жатқан шаралардың негізгі бағыттарын атап өтуге болады. Мәселен, жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй беру, волонтерлік қызметке қолдау көрсету. Сонымен қатар, аула клубтарының қызметін дамыту, «NEET» санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша іс-шаралар, жыл сайын аудан жастарын уақытша жұмыспен қамтуды көздейтін «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының қызметін дамыту.
Жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға», «Жастар Рухы» жобалары да дамып келеді. «Жұмыспен қамту», «Бизнес жол картасы – 2025», «Қолжетімді тұрғын үй» секілді әлеуметтік жаңару бағдарламалары да іске қосылған. Десек те қазіргі таңда жастардың барлық категорияларын қамтитын, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет деп есептеймін. Сондай-ақ 2023 жылы наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға арналған 2,5%-дық несие беру қарастырылған. Бұл бағдарлама 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған.
– Өзіңіз білетіндей, жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайды. Бұл өзгеріс жастар үшін қай жағынан тиімді деп ойлайсыз?
– Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Яғни, елімізде жастардың үлесі 6 миллионнан асты. Әрине, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі алдағы уақытта 35 жасқа дейінгі азаматтар да жастар саясатына арналған барлық дерлік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл дегеніміз келешекте қоғамның қозғаушы күші жастарды қолдауға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп айта аламын. Қазіргі таңда «жастар үшін» дегеннен гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие болып отыр.
– Біздің ауданымызда жастар мен қарттардың арасында байланыс қаншалықты тығыз? Қариялармен, аға буын өкілдерімен өскелең ұрпақтың жақындығы қалай?
– Жас қарасайлықтар мен ақылшы ата-апаларымыздың арасында қарым-қатынас жақсы. Аудан үшін еңбек етіп, қоғамдық жұмыстан қалмайтын қарияларымызды әлі күнге дейін іс-шараларымыздан қалдырмауға тырысамыз. Олардың кеңестерін тыңдап, өмір жолынан үлгі аламыз. Ардагерлерімізді ардақтауды ешқашан ұмытқан емеспіз. Алайда біздің қоғамнан жасыра алмайтын, кейде оқшауланып қалатын ата-әжелеріміздің де барын жоққа шығара алмаймыз. Ауданымызда қариялар үйін паналап, қарттық қайғысымен әр күнін үміт пен үрей ішінде өткізіп жүрген ата-апаларымыздың бары өкінішті-ақ. Қазақ халқы «Қарттар – үйдің қазынасы» деп, үлкенді құрметтеген. Бұл тұрғыда біздің асыл дініміз де дұрыс дәріптейді. «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында» демекші, әке-шешемізге жақсылық жасап, олардың ақ батасын алуды айтып жүрген аудандық Жастар ресурстық орталығы жылда Қаскелеңдегі «Нұр Отау» қарттар үйіне барып, қарттарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлап, құрмет көрсетіп жүр. Одан бөлек «Қарттарым – асыл қазынам» атты акция барысында жыл бойы қайырымдылық жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, жалғызбасты қарияларымыздың үйіне арнайы барып, ауласын тазалап, барынша көмек қолын созуға тырысамыз.
– Жарқынай Қыдырханқызы, тұщымды жауаптарыңызға рахмет. Соңғы сұрағым, Сіздің ойыңызша бүгінгі жастар қандай болуы керек?
– Уақыт – әрқашан адам баласы үшін қымбат ұғым. Жалпы жастармен кездесу барысында бір мәселені жиі айтамын. Өмір қамшының сабындай қысқа. Ал жастық жылдары одан да қысқа. Осы жылдарын жастарымыз өздері үшін де қоғам үшін де тиімді пайдалануға тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында жайбасарлық көзқарас орын алмағаны жөн деп ойлаймын. Қымбат уақыттарын оқуға, білім алуға, спортпен шұғылдануға, қоғамдық жұмысқа белсене араласуға, қайырымдылық жұмыстарымен және басқа пайдалы іспен айналыса білуіне шақыра білуіміз керек. Себебі жастардың арасында дарынды әрі талантты, қабілетті әрі шығармашыл ұл-қыздарымыздың көп болғаны еліміздің өсіп-өркендеуіне тигізетін септігі мол. Жастарымызда жылы шырай, адамгершілік пен көркем мінез болуы керек. Еңбек жолымды жастармен жұмыстан, яғни, жастар саясатының жұмыстары мен жобаларын үйлестіретін, аудандық жастар орталығынан бастап, жастарымызға пайда әкелетін кездесулер ұйымдастырып, атаулы саланың жұмысын әрі қарай дамытуға барынша ықпал етіп келемін. Осы қағиданы орнымен ұтымды пайдаланып, халыққа жеткізу басты парызым деп білемін.
– Бөліскен ақпаратыңызға рахмет! Қызметіңіз жемісті болсын!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.