Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүлде кезек күттірмейтін өзекті де маңызды мәселелер мен олардың шешу жолдары баса айтылған бағыты айқын, ел-жұртымыздың тұрмыс-тіршілігінің түзелуі мен жемқорлық пен масылдыққа қарсы күресті бірігіп қолға алу жайлы жөні бөлекше, жосығы ерекше Жолдау жариялады.
Енді осы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауда айтылған кейбір мәселелер жайлы айта кетейік. Жалпы, Жолдауда көрсетілген міндеттер өміріміздің барлық салаларын қамтығанымен ерекшеленеді. Бұл Жолдау жаңаша дамуды көздейтін тамаша құжат! Сондықтан, белгіленген шаралардың жүзеге асуынан үлкен үміт күткен халқымыз Жолдауды қуана қарсы алды. Мемлекет басшысының бұл кезекті Жолдауы бүкіл халықтың назарын аударып, қызу талқыланып, оған елімізде ғана емес, алыс-жақын шет ел азаматтары да өз пікірлерін білдіріп үн қосып жатыр. Жолдау билік органдарының қызметкерлеріне тың серпін беріп, жаңа сапалық биіктерге бастайтыны анық. Бұл маңызды құжат Парламентке, Үкіметке, басқа да жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Әлемдік деңгейде қолға байлау, аяққа тұсау болған пандемияның кесірі біздің елді де айналып өтпеді. Кеселдің күрделілігі сонша, көптеген елдер оның зардабынан әлі де толық айығып үлгерген жоқ. Тарихымызда нәубет болып қалатын бұл індет көптеген жандарды арамыздан алып кетіп қана қоймай, өндіріс орындарына, ірі және орта кәсіпкерлікке залалын тигізді. Денсаулық сақтау мен білім саласы да оның ауыртпалығы мен зардабын айтарлықтай сезініп, қиындықтан шығатын жолдар іздеді. Қаржы көздері жабылып, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеді. Өмір сүру мәселесі күрделеніп кетті. Карантин кезінде жол қатынастарының көбі жабылып, барам деген жерімізге жете алмай, алам деген қажетімізді ала алмай қысылған кездің өзінде халық пен билік орындары бір-бірімен түсінісіп, тиісті шараларды бекітіп үлгерді.
Дағдарыстың осындай бір қиын сәтінде, Мемлекет басшысының халқына Жолдауы әрбіріміздің жүрегімізде үміт отын маздатып, болашаққа деген сенімімізді күшейтті. Экономика, мемлекеттік басқару, азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік сала, өңірлік даму, экология, қоғамның белсенділігін арттыру – бұлтсыз болашақ пен кестелі келешектің кепілі болып, озық елдердің қатарына қосылатынымызға тікелей әсер етуі тиіс.
Отбасылық-демографиялық жағдайға және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Азаматтар келесі жылдан бастап тұрғын үй алу, емделу мен білім алу мақсатында зейнетақы қорындағы қаржыларын пайдалана алатын болады.
2021 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өседі. Қашықтан оқытудан біртіндеп дәстүрлі оқуға көшуді қарастыру, бірыңғай онлайн оқу форматын жетілдіру, еліміздегі жас ғалымдарды қолдау мақсатында ғылыми жобаларға гранттық қаржыландыру жайлы айтылғаны да көңіл қуантты.
2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы елдегі орташа жалақыдан екі есе көп болады.
Келесі жылдан бастап ауыл әкімдерін халық сайлайды.
Мәслихат отырыстары онлайн көрсетіледі. Ел азаматтары өзекті тақырыптарды көтере алады деген сияқты өзекті мәселелерге басты назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше, бірде-бір істі табысты жүзеге асыру мүмкін емес. «Заңдылық пен әділеттілік сөзсіз қамтамасыз етілуі тиіс. Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін еш естен шығармауымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл істе маңызды роль атқаратын құқық қорғау органдары мен сот жүйесін үлкен реформалар күтіп тұр. Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс.
Президентіміз өзі ұсынған осы бастаманы іске асырудың тетіктерін нақты белгілеп те берді. Ал, оны жүзеге асыру жергілікті билік өкілдерінің еншісіне тиесілі. Жолдаудағы міндеттерді тиянақты орындау жұмыла қызмет еткенде ғана нәтиже беретінін әр адам жан-жүрегімен сезінуі тиіс.
Әлбетте, әлеуметтің әл-ауқатының жақсаруын қаласақ, олардың өздерін осы істерге белсене араласуын қамтамасыз еткен орынды болар еді. Сол кезде ғана қиын шаруалардың қиюы табылып, биік асуларды бағындыратынымыз анық.
Серік ҚАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.