Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түпкірінде Қазақстан Республикасындағы орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде. Оның ең негізгі мақсаты білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады.
Бұл ретте біздің Қарасай ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен, Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде, қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдеріне «Өрлеу» біліктілікті арттыру курсының тренері Мухамадиева Мариям Нариманқызы дәріс берді. Ауданның 31 білікті ұстазы сәуір мен мамыр аралығында өз білімдерін жетілдіру курсын оқып шықты. Олардың арасында тоғыз жоғары санатты, он бір бірінші санатты, тоғыз екінші санатты мұғалім болған еді. Жасалған қысқа мерзімді жоспарға сай, қатысушылар алған білімдерін дәлелдеп, сертификатқа лайықты деп танылды. Солардың арасында мен де бармын. Осы жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсынан алған әсерім өте көп. Ондағы жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер педагогтардың оқытудың әмбебап үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, оқуға жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауына көмектесуге бағытталған. Сондай-ақ, ол озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді. Сөзімнің соңын қорытындылай келе, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру курсының тренері Мариям Нариманқызына қарасайлық ұстаздардың атынан алғыс айтқым келеді.
М. КЫДЫРАЛИЕВА,
Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.