Аудандық білім бөлімі мен Абай орта мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен Қаскелең қаласындағы аталған білім ошағының ғимаратында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Білім алушыларда 4K, Soft skills, Hard skills, EQ дағдыларын қалыптастыру мен жетілдірудегі мектептің рөлі» атты облыстық семинар-практикум өтті. Жиынға «Өрлеу» БАҰО-ның оқытушылары, облыстық білім басқармасының басшылары, облыстық білім берудегі дамыту оқу-әдістемелік орталықтарының әдіскерлері, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мен мектеп директорлары қатысты.
Алдымен тақырып түсінікті болу үшін 4K, Soft skills, Hard skills, EQ дағдылары арқылы білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды тәрбиелеуге көмектесетінін білген жөн. Мәселен, 4К моделі арқылы оқыту баланың бойындағы сыни ойлау, шығармашылық, қарым-қатынас, ынтымақтастық сынды қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Бұл дағдылардың икемді түрі Soft Skills, ал оған қарсы қатаң түрі Hard Skills аталады. Ал, EQ (Эмоционалды интеллект) қарапайым тілмен айтқанда, адамның мінезі немесе адамның өз сезімдерін басқара алуы. Бұл дағдылардың барлығы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында жан-жақты талқыланады. Аталған семинар барысында барлық дағдылардың мектеп оқушылары арасында дамытудың түрлі мүмкіндіктері ұсынылды. Жиынның мақсаты білім беру ұйымы педагогтарының білім алушылардың бойындағы жаһандық дағдыларын қалыптастыру бағытындағы кәсіби қызметінің инновациялық, озық тәжірибесін ұсыну және тәжірибе алмасуға арналды.
Алдымен семинардың ашылу салтанаты аталған білім ордасының акт залында басталды. Басқосудың алғы сөзін ауданымыздың ардагер ұстаздары Ақылия Бекбайқызы мен Баян Мұхамедиярова айтып, заман талабына сай кәсіби біліктерін дамытуды мақсат еткен ұстаздарға сәттілік тіледі. Одан кейін сөз кезегін шараның өткізілуіне ұйытқы болып отырған 2020 жылы Алматы облысы бойынша білім беру ұйымының «Табысты көшбасшы» деген сайыстың жеңімпазы, Абай орта мектеп-гимназия директоры Тұрсын Сайбырова алды. Білім ордасының басшысы алған тәжірибесін осы семинар барысында ұстаздар қауымымен бөлісті.
Қазіргі таңда мектеп-гимназияда 154 педагог бар болса, олардың 3-уі жас маман, 34 ұстаздың магистрлік дәрежесі бар. Олар семинар барысында біліктіліктерін ұтымды жағынан пайдалана біліп, өз тәжірибелерін әріптестеріне бөлісті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығының негізінде аталған білім мекемесі басшысының орынбасарлары мен жас мамандар бірлесіп семинарға қатысушылардың назарына көшбасшылыққа қажетті 30 көмекші сервисті ұсынды. Нақтырақ айтқанда, олар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жетілдіру аясында ұстаздардың сабақ өткізуін және оқушылармен кері байланыс жасауды оңтайландыратын бірқатар платформалар жайлы ақпарат берді. Мәселен, «Trello», «Leporty leps» «poukent», «jox» және тағы да басқа осы сынды жұмыс істеуді жеңілдететін 30 мобильдік және компьютерлік құрылғыларда қолжетімді қосымшалар мұғалімдердің таптырмас көмекшілеріне айналған. Қажетті платформалардың тізімі алдағы уақытта қолдану үшін семинарға қатысушыларға таратылып берілді.
Тәжірибе алмасуға арналған іс-шараның барысында ұстаздардың ойын бір сергітіп алу мақсатында аталған білім ордасының педагог-психологтары психологиялық тимбилдинг өткізді. Одан кейін Абай мектебінің мұғалімдері өздерінің пәндеріне байланысты оқушыларға шеберлік сағаттар, тестер мен неше түрлі ойындар арқылы сабақ өткізді. Сонымен қатар, семинарда мамандар өзара тәжірибе алмасып, өз тақырыптарына байланысты білімі мен біліктілігін, шеберліктерін жетілдірді. Семинар соңында қатысушылар мұғалімдердін өткізген сабақтарына жақсы деген бағаларын беріп, сабақты жүргізу жоспарына біраз өзгерістер ретінде ұсыныстарын айтып, шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.