Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Үкімет БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесін бекіткен болатын. Осылайша, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып ресми түрде жарияланды.
Айтулы күннің құрметіне орай, осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жандарбек Далабаев облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері мен «Жетісу», «СТВ» телеарналарының қызметкерлерін және аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакция ұжымын арнайы құттықтап, ақпарат айдынында жүретін мамандарға құрмет көрсетті.
Құттықтау барысында Жандарбек Ермекұлы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген осы кәсіби мерекенің жеке аталып өтілуі өте маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, аудандағы байыпты бастамаларды халыққа құлағдар етіп, жақсы істердің жаршысына айналған БАҚ өкілдерінің еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Азды-кем ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды сөз еткен аудан басшысы Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына қатысты істерге де тоқталып, оның ел арасында насихатталып жүргені осы БАҚ өкілдерінің арқасы екенін жеткізді. Қызметкерлердің ерен еңбектерін бағалап, аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзінің атынан осындай жақсы жаңалықтардың басы-қасында жүретіні, Елбасы Жолдауларын халыққа дәріптеп, өздерінің кәсіби шеберліктерін жан-жақты көрсеткендері үшін бірқатар қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында «Жетісу» телеарнасының редакторы Ботакөз Бейсембай, осы арнаның операторы Ербол Атантелов және аудандық «Заман жаршысы» газетінің тілшілері Ақтоты Кенжебекова мен Бұрым Орынбасар болды. Өз кезегінде өңір басшысының мұндай құрметіне ие болған БАҚ өкілдері марапаттау кезінде өз ықыластарын да білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Ал, облыстық «Жетісу» газетінің ауданымыздағы меншікті тілшісі, ақын Қуат Қайранбаев өзінің жеке авторлық кітабын аудан әкіміне сыйға тартып, журналистер қауымы атынан ізгі тілегін, ықыласын білдірді.
Осындай айтулы күннің құрметіне орай, біздің ауданның ақпарат көзі болып табылатын «Заман жаршысы» газеті редакция ұжымында еңбек етіп жүрген бірнеше қызметкерлер ақпарат саласының дамуына қосқан үлестері үшін түрлі марапаттарға да ие болып жатты. Атап айтар болсақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың Құрмет грамотасына журналистика саласында 40 жыл еңбек өтілі бар, тілші Берікбай Қадықов, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасына Директор – Бас редактор Атлана Исаева, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиевтің Алғыс хатына дизайнер-макетші Айгүл Қыстықбаева және Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының бастығы Рустам Алпысбаевтың Алғыс хатына есепші Әсет Тұрлымбекова лайықты деп танылыпты. Сондай-ақ, аталмыш ұжымның атына ауданның ақпарат айдынында атқарған еңбегін аудандық полиция басқармасы да ерекше бағалап, Алғыс хат табыстады.
Қашанда жаңалықтың жақтаушысы, ақпараттың ағынымен айналасына еңбек етіп жүрген ауданның барлық БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне береке, шығармашылық табыс тілейміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.