Ауданымызда жаңадан облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ашылып, кеше аудандық соттың ғимаратында өткен жиында Алматы облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот алқасының төрағасы алдағы уақытта аталмыш соттың құрамында жұмыс істейтін қызметкерлерді таныстырды.
Кей кездері қарапайым халық мемлекеттік мекемелер мен түрлі органдардың шешіміне қарсы әрекет жасай алмай жатады. Осы ретте шілде айының бірінен бастап елімізде әкімшілік Процедуралық-процессуалдық кодекс күшіне еніп, оның аясында бірқатар облыстар мен қалаларда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Аталмыш жаңа мемлекеттік орган біздің ауданымызда да ашылды. Енді жоғарыда аталып өткен мәселеге тап болған жағдайда жерлестеріміз жаңа сотқа жүгіне алады.
Осыған байланысты кеше аудандық соттың ғимаратында жаңа соттың құрамымен таныстыруға арналған жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, аудандық соттың төрағасы Мәди Көшікбаев пен бірқатар мекеме өкілдері қатысты.
Басқосу барысында Алматы облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот алқасының төрағасы Жанат Тазабеков жаңа соттың басшысы ретінде тағайындалған, өз саласында көп жылдық еңбек өтілі бар Мэлс Идирисов пен бес судьяның еңбек жолы жайлы толығырақ ақпарат берді. Мұнан кейін сөз кезегін Дулат Мұратұлы алып, жаңа соттың мүшелерін жұмыс орындарымен құттықтады. Мемлекеттік органның жұмыстарын талқылағаннан кейін жиынға қатысушылар жаңа сотқа бөлінген кабинеттердің ішін көрді.
Айта кетейік, жаңа сот азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынастағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.