Өткен жылдың соңғы күні, яғни Жаңа жылдың қарсаңында 15 қарасайлық отбасы баспана кілтін алып, қуанышқа кенелді.
Жаңа қоныс иелері үшін Қарасай ауданының әкімдігінде салтанатты шара өтіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын аудан тұрғындарына жалдамалы мақсатта жаңа үйлер берілді.
Қуанышты басқосуда алдымен аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров сөз сөйлеп, аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының ыстық ықыласын және құттықтау тілегін білдіріп, одан кейін аудан басшысының атынан қарасайлықтарға пәтер кілттерін табыс етті.
Жалдамалы мақсатта берілген жаңа баспаналар, әдеттегідей бірнеше санат бойынша үлестірілді. Атап айтқанда, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасы және толық емес отбасы.
Қуаныш иелері үшін баспаналар Қаскелең қаласы бойынша бірнеше тұрғын үй кешенінен бұйырды. Пәтер иелері Жаңа жылдың қарсаңында жақсы жаңалыққа шаттанып, сезімдерімен бөлісті. Баспаналы болу бақытын сезіну үшін дәл осы сәтті 10 жылдан астам күткендер де бар. Солардың бірі – «Алтын алқа» иесі Камила Әшірбаева.
– 2025 жыл жақсы жаңалықпен басталды. Осы сәтті 10 жылдай күттік. Үмітіміз ақталды. Біздің осындай қуанышымызға себепші болып отырған аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін. Жақсы жаңалықтарымыз көп болсын, өзім сияқты пәтер кілтін алып жатқан жандарды бәрін құттықтаймын, – деді көп балалы санаты бойынша пәтерге ие болған Камила Әшірбаева.
Айта кетейік, бұл баспаналардың бәрі республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, ҚР Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес жалдамалы мақсатта берілді.
Ал Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, осы уақытқа дейін жоғарыда аталған санаттарға сәйкес аудан бойынша соңғы 15-ті қоса алғанда, жалпы 87 пәтердің иесі анықталған. Алдағы уақытта 100-ден астам отбасыға тағы баспана берілу жоспарда бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.