«Қарлығаш» ықшам ауданының маңында салынған жаңа мектеп-гимназияда оқу жылы басталғалы халықты осы білім ошағына апаратын жол мәселесі алаңдатуда. Айта кетейік,
1 қыркүйектен бастап бұл мектепке апаратын негізгі жолдардың бірі ретке келтірілген болатын. Қазіргі таңда қосымша осы маңдағы басқа да жолдардың жөнделуі қолға алынуда. Бұл жөнінде аудан әкімі Жасұлан Естенов өткен аптаның сенбісінде осы жерге арнайы келіп, тұрғындардың наразылығына қатысты ойын білдіріп, жолдың жағдайына қатысты түсінік берді.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, халықтың өтініштері, шағымдары үнемі назарда. Тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Әлеуметтік желі арқылы да, былай да тұрғындардың тікелей сұрап жатқаны – «Қарлығаш» ауданынан бірден жаңа мектеп-гимназияға қарай жолды неге жасалмауы. Жоспар бойынша бұл маңда жол қарастырылған. Оған 2020 жылы тендерді ұтып алған «Казгерстрой» ЖШС жауапты еді. Аталған мердігер мекеме тұрғын үй кешенінен «Алматы-Бішкек» тасжолына дейін жол салу керек болған. Алайда олардың тарапынан ешқандай жұмыс атқарылмаған. Осы жылдың қыркүйек айында келісімшарт аяқталады. Енді біз аталған компанияны өз міндетін орындамағаны үшін сотқа беріп, талабымызды қоятын боламыз, – дейді аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы.
Белгілі болғандай бұл жобаға жоғарыда атап өткен «Казгерстрой» ЖШС жауапты болғандықтан, қазір жол салуға бюджеттен қосымша ақша бөлінбейді. Тек аталған мердігер мекемемен сот арқылы келісімшарт бұзылып, келесі жылы қаражат қарастырылмақ. Мұны аудан әкімі өз сөзінде растап, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Жаңа оқу жылында халыққа ыңғайлы болу үшін Сәукеледен мектепке дейінгі бір жолды асфальттадық. Енді оның жанындағы Жобалама көшесін де жөндеуді қолға алып жатырмыз. Жақында бітіп қалады. Одан бөлек «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен келетін оқушылар мен ата-аналар үшін жаяу жүргіншілерге арналған жол жиегі жасалады. Сондай-ақ алдағы уақытта мектепке апаратын осы маңдағы Құлынды және тағы басқа 10 шақты көше жөнделетінін айта кету керек. Оған жауапты компания 20 қыркүйекте арнайы конкурс арқылы анықталады. Кейін тиісті құжаттары мен жобалары әзірленіп, биыл, келесі жылы жөндеу жұмыстары басталады – деп түсіндірді аудан әкімі Ж.Естенов.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.