28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай, өткен аптаның жұмасы күні Қарасай аудандық «Naqty» газетінің жаңа ғимаратының ашылу рәсімі және аталмыш мерзімді басылымның 90 жылдығы атап өтілді. Сонымен қатар, журналистердің кәсіби мерекесіне байланысты БАҚ өкілдері аудандық Мәдениет үйінде бас қосып, ерекше құрметке ие болды.
90 жылдық тарихы бар аудандық газет – Қарасай жерінің айнасы болған мерзімді басылым. Ғасырға жуық ауданның тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, ақжолтай ақпаратын жеткізуге асығатын баспасөздің мерейтойы лайықты түрде атап өтілді. Осы уақытқа дейін тұрақты ғимараты болмаған газет биыл өз баспанасына қол жеткізіп отырған жайы бар. Газеттің торқалы 90 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл қуанышты сәт 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен бірге тойланды.
Редакцияның жаңа ғимаратының ашылуына аудандық газетте әр жылдары еңбек етіп, оның дамуына үлес қосқан ардагер журналистер, тілшілер және бүгінгі таңда газетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген жандар арнайы шақырылды. Одан бөлек аудандық әкімдік пен өзге де БАҚ саласының өкілдері де қадірлі меймандардың қатарынан табылды.
Газеттің 90 жылдығы сөз етілген салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров құттықтау сөз сөйлеп, газеттің жеткен белесі мен бүгінгі беделіне тоқталды. Оның қоғамдағы рөлін айтып, аудандық әкімдіктің атынан сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қатар, ғимараттың ашылу салтанатында Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның Құрметті азаматы Берікбай Қадықов, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің Қарасай ауданы бойынша меншікті тілшісі, ақын Қуат Қайранбаев, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Несіпбала Әбділдаева сынды құрметті қонақтар ізгі тілектерін жеткізсе, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Орынбасар Жанәділ газет ұжымына ақ батасын берді.
Ал журналистер қауымы үшін ұйымдастырылған мерекелі шарада аудан жаңалығын халыққа жеткізіп жүрген отандық телеарналардың, облыстық, аудандық баспасөздің, оның ішінде жалпы масс-медиа саласының өкілдері құрметке бөленді. Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік жиынның әлқиссасы 90 жылдық тарихы бар аудандық газеттің өмір өткелдерінен сыр шертетін бейнероликпен басталды.
Шара барысында аудан басшысы Жасұлан Естенов құттықтау сөз сөйлеп, мереке иелерінің жұмысын жоғары бағалап, өз атынан бірқатар БАҚ өкілдеріне Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ бұл шарада журналистика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ардагер-журналист Берікбай Қадықовтың еңбегі де ескерілді. Аудан әкімі қаламы мұқалмаған қарияның кеудесіне Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан «Еңбек ардегері» медалін тақты.
БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілген шарада концерттік бағдарлама да ерекше қойылымға ұласты. Сахна төрінде журналист болуды аңсайтын жас қыздың арманы қойылымға негізделді. Сондай-ақ концерт соңында аудандық «Naqty» газетінің ұжымы әншілік қырларын танытып, өнерлерін ортаға салды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.