2021 жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы ұлттық бірыңғай тест тапсыруға көшті. ҰБТ-ның онлайн форматтағы алғашқы легі біздің ауданда 15 наурызда бастау алды. Дәл осы күні Шамалған ауылындағы Әлжан Бұхарбайқызы атындағы дербес компьютерлермен жабдықталған жаңа тестілеу базасы ашылып, лентасы қиылды. Салтанатты шараға ҰТО Қаскелең қаласы филиалының жетекшісі Назгүл Еркімбаева, Шамалған қаласының әкімі Ержас Тоқтасынов, «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының өкілі Ералы Рахметқожаев, «U-study» компьютерлік тестілеу орталығының Алматы қаласы мен Алматы облысының аумақтық директоры Қайрат Бегалин және аудандағы мектеп директорлары қатысты. Айта кету керек, мектеп ішіндегі арнайы ҰБТ тапсыратын және бақылау сыныптарын құрылғылармен «U-study» орталығы жабдықтаған. Бұл базада тек Қарасайдан емес Жамбыл ауданының да барлығы 3111 түлек білімдерін сынайды.
Енді осы жылдағы ҰБТ тапсыру кезінде енгізілген ерекшеліктерге тоқталар болсақ. Назгүл Әбілеқызының берген мәліметінше, егер бұған дейін әрбір оқушыға тест тапсырмалары бар кітапша берілсе, енді дербес компьютер ұсынылады. Енді ҰБТ тапсыру белгілі бір күнге ғана белгіленбейді. Жаңа ереже бойынша мектеп оқушылары ҰБТ-ны үш ай көлемінде тапсыра алады. Нақтырақ айтқанда, 15 наурыз бен 10 сәуір аралығында ЖОО-да ақылы оқу үшін сынақтан өтеді. Ал, грантқа ниетті түлектер 15 сәуір мен 30 маусым аралығындағы күндерді таңдай алады. Сонымен қатар, биылғы мектеп бітірушілерінің грантқа иеленуге екі рет тапсыруға мүмкіндіктері бар. Ең жақсы нәтижесімен конкурсқа үміткер ретінде тіркеледі.
ҰТО Қаскелең қаласындағы филиал жетекшісінің айтуынша, ҰБТ-ның электронды форматы жаңа заман талабы екенін айтты. Біріншіден, мектеп оқушылары тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тесті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады екен. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша көп шара қабылданды. Ешкімнің жүйеге сырттан қосылу мүмкіндігі болмайды. Орта есеппен залда 30 адам тест тапсырады. Пандемия кезінде аса маңызды, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берілмеуеіне де жіті қадағалау жасалған.
Осы жылы түлектер үшін тестілеу уақыты да әртүрлі: жаратылыстану-математика бағыты бойынша емтихан тапсыратындарға 270 минут бөлінсе, гуманитарлық бағыттағы мамандық таңдағандардың тест уақыты 225 минут болады. Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі рет үзіліс беріледі. ҰБТ басталған соң бір сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін екі минут, екі сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер сыртқа шығып, демала алады.
IT-қауіпсіздік жіті қадағалауы екі есеге артқан. ҰБТ тапсыруға арналған өңірлік орталықтармен байланыс жабық VPN арнасы арқылы жүргізіледі. Бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес. ҰБТ-ны тек нақты компьютерден ғана тапсыруға болады. Логин және құпиясөз арқылы басқа адам тапсыра алмайды. Компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды. Сондай-ақ, әрбір оқушының іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін камера орнатылады.
Айта кету керек, тест тапсырушылар Face-ID арқылы сәйкестендіруден өтеді. Сондай-ақ, тыйым салынған заттарды (смартфон, шпаргалка) анықтау бойынша қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Тыйым салынған заттар анықталған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылады және оның осы жылы тесті қайта тапсыру мүмкіндігі болмайды.
Жаңа форматтың негізгі жағымды тұстарының бірі – тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу болмайды. Компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, тест нәтижесін кешке дейін күту қажеттілігі жоқ. Жауабы бірден компьютер бетінде шығып, тестілеу жүйесінде сақталады. Бұдан бөлек, оқушылар тест нәтижесін алған соң бірден апелляцияға өтініш бере алады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.