Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың 5 маусымында жалпыхалықтық референдум өтетіні белгілі. Бұл саяси оқиға ел тарихында екінші рет орын алмақ. Дәл осы күні Конституциямызға реформа жүргізілмек. Анығын айтқанда, Ата Заңның үштен бір бөлігіне, яғни, 33 бап бойынша 56 өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі. Президенттің пәрменімен жүзеге асатын бастаманы «Жаңа Қазақстанды» құрудың нақты қадамы деп түсінемін.
Референдум өткізу туралы ел Президентінің арнайы Жарлығынан кейін республиканың әр өңірінде Ата Заңға ұсынылған өзгерістерді түсіндіру бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Біздің Қарасай ауданында да арнайы штаб құрылып, оның құрамына әр саланың өкілдері қамтылды. Атап айтқанда, олардың қатарында зейнеткерлер, кәсіпкерлер, білім, мәдениет, дін, БАҚ салаларының өкілдері, қоғамдық кеңестің мүшелері және ауданымыздағы Ауған соғысының, Чернобыль ардагерлері, Желтоқсан ұйымдары сияқты қоғамдық бірлестіктің басшылары, ауданның белсенділері бар. Осылайша саны 30-ға жеткен штабтың құрамындағылар топқа бөлініп, аудан бойынша әр елді мекенді аралап, Конституциялық реформаның маңыз-дылығын түсіндіріп келеді.
Бүгінгі күнге дейін Қарасай ауданының жұртшылығымен 82 кездесу ұйымдастырылды. Нақты айтар болсақ, 47 елді мекенде 24170 адам қамтылған ауыл тұрғындарымен, ірі сауда орындарындағы қызметкерлермен, кәсіпорын, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің өкілдерімен, сонымен қатар ірі компаниялардың жұмысшыларымен, жекеменшік нысандарда еңбек ететін азаматтармен кездесулер өткізіліп, тиянақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта да мұндай жүзбе-жүз кездесулер, ашық ой алмасуға қатысты үгіт-насихат жұмыстары атқарылатын болады.
Жұмыс штабының негізгі мақсаты – 18 жастан жоғары Қазақстанның әр азаматы Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды оқып танысып, еліміздің саяси өміріне немқұрайлық танытпай, азаматтық құқығын пайдаланып, 5 маусым күні референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға үндеу.
Топ мүшелері референдумның алғышарттарын, ұсынылған реформаның ерекшеліктері туралы баян етуде. Қарасай халқы да референдумға деген оң көзқарастарын білдіріп, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтып келеді.
Жаңартылатын Ата Заңымыз тарихи сананы жаңғартудың кепілі деп білемін. Егер халық болып осы бастаманы қолдасақ, еліміздің дамуы жолында жарқын істер атқарылады деген сенімдемін. Өйткені ұсынылған заң жобасында елді елең еткізген өзгерістер мен толықтырулар бар. Солардың ең маңыздысына да тоқталғым келеді.
Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттік меншігінде болып келсе, енді жаңа заң бойынша осы аталғандар халыққа тиесілі болады. Яғни, қазақстандықтардың атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Ата Заңдағы өзгерістердің ішінде астын сызып тұрып айтатын мәселелердің бірі – Президент өкілеттігіне байланысты шектеу. Енді алдағы уақытта Мемлекет басшысы өз өкілеттілігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы керек. Сонымен қатар, оның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ. Бұл өте құптарлық шешім деп білеміз.
Тағы бір айтар жаңалық, Парламент пен мәслихат депутаттарының рөлі күшейеді. Одан бөлек адамның құқығы мен талабы бірінші орында тұрады. Осылайша Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып өзгертіліп, кез келген азамат өтініш білдіріп, соның көмегіне жүгіне алады.
Реформаның тағы бір тетігі сайлау жүйесіне байлынысты болмақ. Облыстық маңызы бар қалалар мен облыстар аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы аудандардың әкімдерін қызметке тиісінше облыс аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалар мен елорда мәслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Мемлекет басшысы дауыс беру өткізілетін кемінде екі кандидатура ұсынады.
Жалпы айтқанда, Ата Заңдағы өзгерістер арқылы мемлекетіміздің дамуының жаңа сатысына аяқ басамыз. Ел Президенті қадап айтқандай, әділетті қоғам арқылы Жаңарған Қазақстанды құру ісіне жұмыла кірістік. Алдағы саяси науқан мемлекетіміздің тарихи мүмкіндіктеріне жол көрсетеді деген ойдамын. Сондықтан жарқын болашақ үшін күшіміз бірлікте екенін танытып, әділетті қоғамды қалыптастыру үшін рефрендумды қолдап, оған дауыс берейік.
Ұлтусын БАРХИНОВА,
Қарасай аудандық штабтың төрағасы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.