Қарасай ауданында жаңа оқу жылы аясында екі мектеп қолданысқа беріліп, өз тарихында алғаш қоңырауларын соқты. Есігін айқара ашқан білім ошақтарының бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп болса, екіншісі – «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің маңындағы жеке инвестор есебінен салынған ғимарат.
Білім күніне орай және Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында ашылған қос мекемедегі қуанышқа Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Арайлым Төлеубекова, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алмалыбақ ауылындағы мектептің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы сөз сөйледі. Ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының бастауымен құттықтап, облыстағы білім саласы жайлы ақпаратымен бөлісті. Айтуынша, жаңа оқу жылында облыс бойынша жалпы саны 362 мың оқушыны құрайтын 492 мектеп білім беру жолында жұмысына кіріскен. Соның ішінде 35 500 бала бірінші сыныпқа барған. Ал Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жоба аясында облыс көлемінде 26 жаңа мектеп салу жоспарланған. Оның 9-ы 2024 жылы пайдалануға берілсе, 2025 жылы 8 мектеп бой көтереді. Соның бірі – жоғарыда атап өткен 1500 оқушыға арналған Алмалыбақтағы білім ошағы. Ұлттық жобаның сәтті екені тек Қарасай ауданында ғана емес, сондай-ақ Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле және Талғар аудандарында да байқалуда.
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған ғимараттары жайлы әрі қауіпсіз. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын арнайы зертханалар, робототехника кабинеттері, графикалық дизайн мен бейнелеу өнері сыныптары және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
Мектептің ашылу салтанатында, сондай-ақ Алматы облысының мәслихат депутаты Ляззат Тұрлашов та сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. Ал Ұмтыл ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы, ардагер-ұстаз Нағима Сағатова өз сөзінде бұл білім ұясының қолданысқа берілуі жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізіп, мұндай бастамалардың жүзеге асуы үшін тер төккен басшылыққа алғысын білдірді.
Айтылған ақжарма ақтілектерден кейін салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері ән шырқаса, мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылар Отан, мектеп, Ата заң жайлы өлең-шумақтарын оқыды. Одан кейін құрметті қонақтар мектептің қызыл лентасын қиып, мекеменің ішін аралап көрді.
Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп тек қазақ тілінде ғана білім береді. 1500 оқушыға арналған ғимаратта алғашқы күннен бастап 1800-ге жуық оқушы білім алмақ. Мектеп қабырғасында 96 ұстаз еңбек етеді. Ғимарат түгелдей заманауи талапта әрі отандық жиһаздармен жабдықталған. 3 га жер телімінде орналасқан мекеменің құрылысын жүргізген компания – «BI Group» ЖШС. Ал оған тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
Ғимараттың өзі 10 блоктан тұрады. Оның көбісі оқу корпустары болып саналады. Одан бөлек жоғары және кіші сыныптар үшін жеке спортзалдар қарастырылған, олардың жалпы саны – төрт. Асханасы да оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жасалған. Одан бөлек ауласында үлкен стадион мен балаларға арналған ойын алаңы бар. Актзалы 324 адамға арналған, мұнда арнайы LED-экран орнатылған. Сонымен қатар, әр пәннің кабинеттері толығымен керек-жарақтармен, жиһазбен, ал физика, химия пәнінің зертханалары тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал STEM бөлмесінде оқушылар үшін VR көзілдірігімен, дронмен жұмыс істеу және робототехникамен айналысу мүмкіндігі қарастырылған.
Мектептің тағы бір ерекшелік тұсы – кіреберісте орнатылған Face ID жүйесі. Ол арқылы оқушының келіп-кеткені қадағаланады. Сондай-ақ бұл ғимаратта ұлттық нақышта жиһаздармен сәні келіскен реакрация аумағы бар. Бұл жерде оқушылар үзіліс кезінде демалып, емін-еркін әңгімелесіп, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.
Білім мекемесінің айнала
сы абаттандырылып, әкімдіктің ықпалымен жолдары асфальтталып, жарықшамдары орнатылған.
Білім күніндегі тағы бір қуанышты жағдай – асылармандықтар талай жыл аңсап күткен жаңа мектептің ашылуы. «Nomad International School» деп аталатын білім шаңырағы жеке инвестор есебінен салынғанымен, мұнда мемлекеттен әр баланың жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы барлық балалар тегін оқытылатынын ескере кету керек.
Жекеменшік мектептің ресми түрде ашылуына жоғарыда атап өткен құрметті қонақтар арнайы қатысып, ақ тілектерін арнады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым өз сөзінде мектептің бой көтеруіне атсалысқан инвесторға және құрылысына атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Үш қабатты жаңа білім ошағында бір ауысымда 2000 оқушы білім алуға мүмкіндіктері бар. Мектеп директоры Көлбай Өмешбаевтың сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда 2500-дей бала мектепке қабылданған. Оның 2000-ы мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясында тегін білім алады. Ал 400-дей оқушы ақылы түрде оқиды. Оқу ақысы – 50 мың теңге. Оның ерекшелігіне тоқталар болсақ, мұнда оқыту төрт тілде жүргізіледі, атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде. Сонымен бірге, спортқа ерекше көңіл бөлініп, оқушыларды түрлі жарыстарға жүйелі әрі кәсіби даярлау жоспарланып отыр. Одан бөлек математика, физика, биология, химия пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бұл сабақтарды өткізу үшін арнайы жоғары оқу орындарының тәжірибелі оқытушылары шақырылмақ.
Айта кетейік, жоғарыда атап өткен жаңа ашылған мектептер Қарасай ауданы бойынша үш ауысымдық оқыту мәселесін шешуге ықпал етті. Мәселен, Алмалыбақ ауылында осы уақытқа дейін әл-Фараби атындағы лицей мен мектеп-гимназия ғана болған. Енді мұндағы оқушылардың біразы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа орта мектепте оқиды.
Дәл сол сияқты Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған елді мекені мен округпен аттас ауылдағы Л.Толстой атындағы орта мектептегі оқушылардың біразы «Nomad International School» мектебіне ауысты. Осылайша аталған округтегі мектептердің үш ауысымдық білім беру мәселесі түбегейлі шешілді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасының ұтымды екені жақында тағы бір мектепті ашылуымен дәлелденбек. Анығын айтқанда, жақын арада Бұлақты ауылында 900 оқушыға арналған жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі. Ол жайында Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева мәлімдеді. Айтуынша, былтырдан бері ауданда үш ауысымда білім беру мәселесі оңтайлы шешілуде. Бұрын олардың саны 12 болса, қазір тек біреуі ғана қалған. Ал бұл мәселе Бұлақтыда ашылатын жаңа мектептен соң түбегейлі шешілмек. Оны қолданысқа беру жыл соңына жоспарланып отыр. Сондай-ақ Әсел Әблеқызы өз сөзінде аудан бойынша биылғы оқу жылын 97 мың оқушы қарсы алып жатқанын айтты. Оның ішінде 8700 бала бірінші сыныпқа барған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
