Жуырда Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде «Керуен» жобасы аясында жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Қарасай ауданы әкімдігі мен Қарасай ауданы бойынша Мансап орталығы ұйымдастырды. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарға бағыт-бағдар беру және жұмыспен қамтуға қолдау көрсету.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатында Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдасбеков сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі. Әрі қарай шара барысы бос жұмыс орындары жәрмеңкесімен жалғасын тауып, кәсіптік бағыттағы көрмеге, концерттік бағдарламаға ұласты.
Ал жәрмеңкенің жалпы маңыздылығы мен мақсат-міндетіне қатысты Қарасай аудандық Мансап орталығының бөлім басшысы Тілеухан Нұрмұхамбетұлы ой бөлісті.
– Бұл жоба Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Шараға 20-дан астам жұмыс беруші қатысып, 100-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар, колледж түлектері мен белсенді жастар да ерекше атсалысуда. Айтулы шара жұмыс беруші мен жас маманның тікелей байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік береді. Мұндай жобалар адал еңбекке нақты кәсіби таңдауға жол ашады, – деді Тілеухан Нұрмұхамбетұлы.
Жәрмеңке барысында мектеп бітіруші түлектерге бірнеше оқу орны таныстырылып, оқу мүмкіндіктері жайлы айтылды. Олардың қатарында Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжі, «Аяжан» және «Нұржәрдем» медициналық колледждері, Шамалған көпсалалы кәсіптік колледжі бар.
«Керуен» жобасы аясында өткен бұл шара жастарға мол мүмкіндік беріп, олардың болашақ кәсібін дұрыс таңдауға ықпал етті. Жастар мен жұмыс берушілердің бір алаңда кездесуі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Алдағы уақытта да мұндай мазмұнды жоба жалғасын табады деген сенімдеміз. Өйткені мұндай жәрмеңкелер жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, сапалы маман болып қалыптасуына жол ашары анық.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.