Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген жандардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Әлбетте, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Себебі, өрт сөндіруші үшін ең мәртебелі міндет – адам өмірін қорғап, олардың материалдық игіліктерін өрттен сақтау. Осы ретте, біз де аталмыш сала төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздіктің құрдастары» жобасы аясында, Қаскелең қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Омар Сапарбекұлымен сұхбат жүргізген едік.
– Омар Сапарбекұлы, бұл қызметке қалай келдіңіз және мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?
– Әкеміздің інісі өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарған. Қазір зейнеткер. Сол кісінің жұмысына бала кезден қызығып бақылайтынмын. Көңілімнен шықты, қалауым осы болды. Сондықтан өрт сөндіруші мамандығын таңдадым.
– Ал, аталған мамандықтың қандай басымдығы бар?
– Ең алдымен өте қызықты жұмыс. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, қызыл жалынмен арпалысу сәтін көрген кезде құлшынысың оянады, бәрі қызық көрінеді. Басқа мамандықта жұмыс істеп көрген емеспін. Сондықтан өрт сөндіруші қызметін ештеңемен салыстыра алмайды екенмін.
– Мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?
– Жоқ, еш уақытта өкінген емеспін. Былтыр Қарасай ауданында құрылыс базары өртке оранып, шамамен 700 шаршы метр құрылыс заттары жанды. Негізінде базардың көлемі 1 гектар. Сол аумақта сақталынатын құрылыс заттарын аман сақтап қалдық, сол кезде елдің ыстық ықыласына бөлендік. Көп адамдар бізді сусыз келеді деп ойлайды. Бірақ ол қате пікір, себебі өрт сөндіру техникалары секундына 40 литр су береді, ал 1 минутта 2 тонна 400 литр су кетеді. Біздің бөлімде өрт сөндіру көліктері 5 және 8 тонналық болып келеді. Сонда 5 тонналық өрт сөндіру көлігінің суы 2 минутта, ал 8 тонналық көліктің суы 3,5 минутта таусылады екен. Сол себепті біз суды үнемдеп пайданамыз. Осыншама су аз уақытта таусылып қалған соң, халық кейде сусыз келді деп ойлайды.
– Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма?
– Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Кезекшілікке түскен кезде 8 адамға жауап беремін. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда, өзім үшін емес, қарамағымдағы 8 адамға жауапты болған соң, солардың бірінен айырылып қаламын ба деген қорқыныш сезімі болады. Өртті сөндіру барысын қадағалау, барлық жағдайды бақылап отыру және де сол хабарды орталыққа жеткізіп отыруым керек. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн.
– Сөз соңында осы саладағы жетістіктеріңізге тоқтала кетсеңіз.
– Жеткен жетістіктеріміз көп қой. Былтыр біздің бөлім облыс бойынша «Ең үздік өрт сөндіру бөлімі» марапатына ие болды. Одан бөлек, қалалық, аудандық деңгейде де еңбектеріміз бағаланып жатады.
– Әңгімеңізге көп рахмет, Омар Сапарбекұлы. Қызметіңізге табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Мархабат ЖАНСЕИТОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының
бөлім меңгерушісі.
Жүректілікті талап ететін бұл қызметтің жауапкершілігі мол
Главная » Новости » Тәуелсіздікке 30 жыл » Жүректілікті талап ететін бұл қызметтің жауапкершілігі мол