Киелі поэзия әлемінде ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбайдың өзіндік орны, биігі бар. Ол қазіргі қазақ өлеңінің абыройын асырып жүрген, жүректен қозғайтын жүйрік қаламгердің бірі. Жаныңды теңіздей тербететін, ой- қиялыңды алыс қиырларға алып кететін отты жырлары оқырманын ойландырып та, толғандырып та тастайды. Жүрегіңді нұрландырып, сезіміңнің нәзік қылын шертетін лирикасынан алар әсер әрдайым әдемі.
Аптаның бірінші күні аудандық мәдениет үйінде, Қаскелең қаласының он жылға жуық тұрғыны болып келе жатқан дарынды тұлғамен «Ақын әлемінің әсем үні» атты, оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Кеш Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізілді. Әдебиет айдынында айқын із қалдырып жүрген Исраил Сапарбаймен жүздесу өлеңді сүйіп оқитын жастар үшін тағлымы мол болды.
Бұл шара оқушыларды жерлес ақынның шығармашылы-ғымен таныстырып, жас буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу, өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту мақсатында өткізілді.
Алдымен «Түркі поэзиясы» халықаралық фестивалінің,«Қазақстан жазушылар» одағының Ілияс Жансүгіров атындағы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденімен марапатталған осы кездесудің басты иегері сахна төріне шығарылып, гүл шоғы ұсынылды.
Өзіндік жолы, орны, жастар арасында «Махаббат шайыры» деген атағы бар қаламгер:
«Ақынмын ба, әлде, мен басқамын?
Барыспайық деген бар бас жағына!
Қолым сәл-пәл босаса жүрсем деймін
Қалықтап поэзияның аспанында»,
–деп жүректен шыққан, сезімді селт еткізер шығармашылығы жайлы әңгімені бастап кетті. Сондай-ақ, ақынға оқушылар тарапынан көптеген сұрақ қойылды. Олардың бәріне де жауап бере отырып, Исраил Сапарбай жалпы қазақ әдебиеті, мәдениеті, руханияты жайында асықпай айтты, өлең өлкесінің өр биігі жөнінде әсерлі әңгімеледі, әлі күнге дейін ешкім де терең сырына, тұңғиық әлеміне бойлай алмай отырған Абай поэзиясының құдіреті мен қасиеті туралы толғана сөйледі. Сонымен қатар, жер-су атауларының байырғы тарихи атын қайта оралту «Туған жер» бағдарламасына қосқан үлкен үлес болар еді деген ойын жеткізді.
Кеш барысында. «Аяжан» колледжінің бір топ студенттері сыршыл ақынның өрнекті өлеңдерін шабыттана оқыды. Сонымен қатар, ақынның драматургиялық қырын да шет қалдырмай, «Жауқазын» атты драмалық үйірме мүшелері қазақтың психологиялық-моральдық тұрғыдан күйреген халін, азапты оқиғаларын тізбектеген «Қыз мұңы» драмасынан үзінді көрсетті Қазіргі таңда 100-ге жуық әндері бар сазгердің «Аялашы жүрегімді», «Екеумізде бір бақыт», «Мойындау» әндерін шалқыта шырқады.
Кездесуге аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы мен ардагер ұстаз Ақлима Көсемова қатысып отырды. Осы орайда, Ақлима Рахымбердікызы «Бүгін рухани түлейтін күн. Өнері мен шығармашылығы ұштасқан қайраткермен кездестік. Өлеңге жаны құмар жастарымыз батасын алып, жүрегіне нәзіктік сәулесін сеуіп, сергитін сәт болды» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді. Басқосудың соңында ұйымдастырушы, аудандық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева қорытындылап, алғысын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.